Мегажобалар мен үнем: Премьер-министр олардың қалай таңдалатынын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мегажобалар мен ірі нысандар құрылысы туралы өз пікірін білдірді.

— Президент бірнеше рет үнемдеуге шақырған болатын. Алайда біз мегажобалардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, Қабылдау үйі, Конгресс-орталық, Республика сарайының құрылысы жүріп жатыр. Астанада мұндай нысандар бұрыннан бар. Қазіргі уақытта осындай нысандар қаншалықты қажет? Өйткені бір нысанның құрылысына кемінде 10 миллиард теңге қажет. Бұл сомаға 60 моноқала мен 16 шағын қалада 40 жобаны қаржыландыруға болады. Бұл шығындар үнемдеу саясатына қаншалықты сәйкес келеді? Мұндай шешімдерді кім қабылдайды және жобалардың басымдықтары қалай айқындалады, — деп сұрақ қойды журналист.
Өз жауабында О. Бектенов әкімшілік және басқа да ғимараттарды салмау мүмкін еместігін айтты.
— Мемлекет мұндай нысандарды салуға тиіс және сала береді де. Мұнда басымдық өндіріс, яғни инфрақұрылым секілді экономикалық қайтымы бар жобаларға беріледі. Мемлекет шығындарының басым бөлігі дәл осы бағыттағы жобаларға жұмсалып отыр. Үкімет қандай да бір нысанды қаржыландыру туралы шешімді тиісті ведомстволардың бағасына және сол нысанның ел үшін маңыздылығына сүйене отырып қабылдайды. Әрине, кей жерде қателесуіміз де мүмкін, бірақ жалпы алғанда біз әрбір жобаны және олардың құнын мұқият сараптамадан өткіземіз. Нысан құны шектен тыс артып кетпеуін де қадағалаймыз, — деді Үкімет басшысы.
Бұдан бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Өскемен, Семей, Көкшетау қалаларында салынуға тиіс үш жылу-электр орталығының тағдыры не болатынын айтты.