Арабтың дәстүрлі биін билеген роботтар желіде танымал болды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде арабтың дәстүрлі биін билеген роботтардың видеосы танымал бола бастады. Адам тәрізді роботтар 2025 жылы Әбу-Дабиде өткен RoboCup Asia-Pacific жарысында көрсетілді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі хабарлады.

роботы
Фото: khaleejtimes

Әбу-Дабиде Abu Dhabi Autonomous Week автономды технологиялар апталығы өтіп жатыр. Сол аясында RoboCup Asia-Pacific 2025 роботтар сайысы ұйымдастырылды.

Шараның тақырыбы – «Тұрақты болашақ үшін жасанды интеллект және робототехника». Кубокқа әртүрлі елдерден 170-тен астам команда қатысып жатыр.

Робот өндіруші компаниялар кубок аясында өнімдерін әртүрлі номинациялар бойынша таныстырды. Көрермендерді робот-футболшылар, баристер, көмекшілер таңғалдырды.

Booster Robotics компаниясы RoboCup 2025 алаңында биіктігі 95 см, салмағы 19,5 кг болатын гуманоид роботын таныстырды. Желідегі роликте осы компанияның роботтары эмираттық дәстүрлі ерлердің «Аль-Айяла» биін билеп жүргені көрсетілген. Роботтар эмираттық бас киімдер киген.

Khaleej Times хабарлағандай, мұндай роботтың бастапқы бағасы – 5 999 АҚШ доллары. Үш модель қолжетімді: «Гик», «Білім беру» және «Кәсіби».

Abu Dhabi Autonomous Week шарасы 2025 жылғы 10–15 қараша аралығында Әбу-Дабиде өтеді. Ол автономды технологиялар, «ақылды» мобильдік жүйелер мен болашақ технологияларына арналған және эмираттың инновациялық әлеуетін көрсетуге бағытталған. Шара Ақылды және автономды жүйелер кеңесі ұйымдастыруымен өткізіледі.

Бұдан бұрын Илон Маск таныстырған адамтектес робот Optimus қазір Tesla көрмелерінде, зауыттарында және түрлі шараларда жиі көрсетіліп жүргені хабарланды. Бірақ Маск бұл жобаны шоу үшін емес, адамның күнделікті өмірін жеңілдететін технология ретінде қарастыратынын айтты.

Соңғы жаңалықтар