Үкімет су тапшылығы қаупі бар өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және вегетациялық кезеңді өткізу тақырыбы қаралды. Премьер-Министр Олжас Бектенов бірқатар мемлекеттік органға жаңа міндеттер жүктеді.

Үкімет су тапшылығы қаупі бар өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды ұсынды
Фото: Үкімет

Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі басым бағытта

Премьер-Министр әлемде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы мен оларға деген сұраныстың өсу тенденциясы байқалғанын атап өтті. Осыған байланысты ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі мен аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайту, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді ынталандыру басым бағыттарға айналды.

− Бұл ретте егіс науқанын уақытылы әрі сапалы өткізу айрықша маңызға ие. Үкімет ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру мен материалдық-техникалық қамту бойынша барлық қажетті шараны қабылдады. Осы кезеңде жоспарланған іс-шаралардың тиімді әрі үйлесімді іске асуын қамтамасыз ету өте маңызды. Егін науқаны белгіленген мерзімде аяқталуы керек, − деді Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында.

Сондай-ақ ол диқандар ішкі және сыртқы нарықта тұрақты сұраныс байқалатын дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажеттігін, осындай бағыттарда мемлекеттік қолдауға басымдық берілуі керегін айтты. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша бекітілген жоспарлар іске асырылуы қажет.

Мәселен, биыл елімізде күріш пен мақтаның егіс алқаптары кемінде 41 мың гектарға қысқартылады. Екі жылда бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды. Азықтық және майлы дақылдар алқаптары осы жылы 3,3 млн гектар, күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектар болады. Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға орналастыру жоспарланып отыр.

Үкіметтегі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ішкі нарықты қантпен қамту жайлы сенсациялық болжам айтты. Еліміздегі төрт зауыттың үшеуі қант қызылшасын, біреуі қант құрағымен жұмыс істейді. Үшеуінің биыл жүктемесі өте ауыр болды. Кеше Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторлары қант өндіретін зауыт салғалы жатқанын айтты. Сол зауыт салынып, төрт зауыт реконструкциядан өтсе, ішкі қамту 80-100 пайызға жетеді.

Сондай-ақ министр былтырғыдай картоп тапшылығы болмайтынын айтып отыр. Былтыр картоп шығымы жақсы болды. Оның 600 мың тоннаға жуығы экспортталса, импорт көлемі бар-жоғы 60 мың тонна ғана. Биыл картоп егетін алқап тағы 9 мың гектарға ұлғайтылды. Алынған картопты сақтайтын орындар да салынып, арнайы жол картасы белгіленген.

Тыңайтқыш үлесі ғылыми қажеттіліктің 59%-ын ғана қамтиды

− Тыңайтқыштар себу көлемі әлі де болса, ғылыми дәлелденген қажеттіліктен анағұрлым аз болып отыр. Осыған байланысты ішкі нарықты тыңайтқыштармен басым тәртіппен қамтамасыз ету мақсатында отандық өндірушілерді ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы министрліктеріне диқандарды жеткілікті көлемде қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмысын үйлестіруді тапсырамын, − деді Үкімет басшысы.

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, елімізде биыл тыңайтқыш қолдану көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 600 мың тоннаға өседі. Өткен жылы алғаш рет тыңайтқыштарды енгізу көлемі 1,3 млн тоннаны құрады. Биыл 1,9 млн тонна көлемінде тыңайтқыштар енгізу бойынша индикатор белгіленді, бұл көрсеткіш ғылыми негізделген қажеттіліктің 59%-на дейін жетуге мүмкіндік береді. Аталған көрсеткішке қол жеткізу мақсатында Үкімет резервінен тыңайтқыштарды субсидиялауға қосымша 48,4 млрд теңге бөлінген.

— Бүгінгі күні 991 мың тонна тыңайтқышқа келісімшарт жасалып, оның 841 мың тоннасы жөнелтілді. Алайда облыстардың тыңайтқыштарды қолдану көлемі әр түрлі: Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында тыңайтқыштарды жөнелтудің көрсеткіші жоғары болса, ал кейбір облыстарда тыңайтқыштарды жөнелту жұмыстары баяу жүріп жатыр (Ақмола 21%, Қостанай 29%, Жамбыл 37%, Қарағанды 38%). Әкімдіктер осы бағытта жұмысты жандандырып, тыңайтқыштарды жөнелту мәселесін тұрақты бақылауда ұстау қажет, - деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Ал 2030 жылға қарай елдегі тыңайтқыш өндіру көлемі 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Дизель тапшылығы қолдан жасалмауы керек

Биыл 30 қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері «2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 400,9 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін» бекітті. Дизель бағасы – 1 литрі үшін қосылған құн салығымен бірге 254 теңге, бұл жанармай құю станциясындағы бөлшек сауда бағасынан шамамен 20% арзан.

Премьер мұны мақсатсыз пайдалану, алыпсатарлықпен өткізу және жасанды тапшылық жасау фактілеріне мүлдем жол беруге болмайтынын баса айтты.

− Белгіленген көлемде арзандатылған дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл бірінші кезекте әкімдіктердің жауапкершілігі. Бүгінде шамамен 220 мың тонна отын жөнелтілді. Президент тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғайды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 700 миллиард теңге, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте қаржыландыру тек қана тиімді әрі адал өндірушілерге берілуі тиіс. Әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырамын, − деді О.Бектенов.

Сонымен бірге, дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін жеке ПИН-кодтар алынды. Отандық дизель сары, көк және қызыл түстерге боялып, электронды шот-фактура жүйесіне дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құрылған.

Үкімет басшысы фермерлерді жанар-жағармай материалдарымен үздіксіз жабдықтау үшін облыс әкімдіктеріне жүйелі мониторинг жасап, жеңілдетілген дизель отынының жөнелтілген және қалған көлемі туралы жаңартылған ақпаратты энергетика министрлігіне апта сайын ұсынуды тапсырды.

Су тапшылығы қаупі бар өңірлер бірінші қаржыландырылуы керек

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов оңтүстік өңірлердегі суармалы егістікте су тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты. Елдегі су ресурстарының ең ірі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы саласы, оның үлесіне жалпы су пайдаланудың 60 пайыздан астамы тиесілі. Ауыл шаруашылығына жыл сайын бөлінетін 15 текше километр судың шамамен 12 текше километрі тұрақты суаруға жұмсалады, оның 98 пайызы еліміздің бес оңтүстік облысына – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Көктемгі ауа райының қалыптан тыс жылы болуына байланысты вегетациялық кезең орташа жылдық мерзіммен салыстырғанда 20 күнге ерте басталды. Топырақтың үстіңгі қабатындағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктердің вегетацияның бастапқы кезеңіндегі суға қажеттілігі орта есеппен 50 пайызға артты. Бұл суармалы көздерге қосымша жүктеме түсіріп, алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр.

− Диқандарды қажетті су ресурстарымен қамтамасыз етудің маңызы зор. Ауа райының қолайсыз болуы болашақ егіннің сапасы мен көлеміне әсер етпеуі керек. Ылғалды көп талап ететін дақылдарға тәуелділікті азайту шараларын қабылдау, ғылыми институттарды жұмылдыра отырып, фермерлердің құрғақшылыққа төзімді агротехнологияларға көшуі бойынша жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек, − деді Олжас Бектенов.

О.Бектенов Су ресурстары және ирригация министрлігіне Қаржы министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, су үнемдейтін технологияларды енгізу жұмысын жандандыруды тапсырды.

− Су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды көздеу қажет. Сондай-ақ, диқандардың тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшуін ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асырған жөн. Жедел әрекет ету үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі метеоболжамдарды уақытылы ұсынуы керек, − деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев құрғақшылық болуы мүмкін өңірлерді атады және егін егу жұмыстарын ертерек бастауды ұсынды. Мамыр айы елдің көп бөлігінде ыстық және құрғақ болады деп болжанып отыр. Алайда астық егетін өңірлерде, тау бөктерінде және оңтүстікте жауын-шашын көлемі климаттық нормаға жақын мөлшерде болады деп болжанған.

Сондай-ақ, мамырда Қостанай облысының оңтүстігінде, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының оңтүстік-батыс бөлігінде, Қызылорда облысының солтүстік-батысында, Алматы және Жамбыл облыстарының солтүстігінде, Қарағанды облысының оңтүстігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай және Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында құрғақшылық болуы мүмкін.

− Аграрлық секторды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.. Үкімет егіс алқаптарын мониторингтеу үшін дрондар сатып алуға қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары, Цифрлық даму министрліктері ауыл шаруашылығы дақылдарын мониторингтеуге, сын-қатерді ерте анықтауға бағытталған цифрлық құралдарды енгізуді оның ішінде отандық технологиялық шешімдер мен стартаптарды ынталандырып, жұмысты жандандыруы қажет, − деді Премьер-Министр.

Сонымен бірге, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Бәйтерек холдингімен бірлесіп, өтінімдерді қарау рәсімдерін оңтайландыруды және диқандарды барынша қамти отырып, жеңілдетілген қаржыландыруды ашық ұсынуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар