Ұлт Жоспары тиімді іске асса даму деңгейі де жаңа сатыға көтеріледі- Апталық шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның үлкен бетбұрыстар кезеңіне жол салған «Баршаға ортақ қазіргі заманғы мемлекет - 100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жарияланғалы да біраз уақыт өтті. Мемлекеттік дамудың ауқымды әрі 5 бағыттағы реформаларын қамтыған ірі стратегиялық құжатты жүзеге асыру үшін былтырғы жылы заңнамалық нормалар жаңартылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түбегейлі құрылымдық, институттық, жүйелік өзгерістерді қамтыған реформаны жүзеге асыру әрбір мемлекеттік қызметшінің ең бірінші кезектегі міндеті екенін де айтқан болатын. Осының өзі де бетбұрыстардың ауқымдылығын, Ұлт Жоспарының саяси, экономикалық дамудағы маңызын танытса керек. Ендеше, Ұлт Жоспары Қазақстанның ұлы мүддесі ретінде орнығып отыр деген сөз. Айта кетерлігі, Елбасы Н. Назарбаев реформалардың тиянақтылығына терең мән беріп, оның тиімді атқарылуын тікелей өз бақылауына алды. Президент Жарлығымен Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия құрылып, негізгі ұйымдастыру жұмыстары өткен жылы басталған еді.
None
None

Осы аптада «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырылу барысы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жан-жақты талқыланды. Атқарылған жұмыстар қорытындысына арналған шараға Премьер-Министр орынбасары Дариға Назарбаева, Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев, Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Əкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қатысқан еді. Баспасөз мәслихаты барысында 5 реформа бойынша құрылған жұмыс топтарының жетекшілері әрбір бағыт бойынша егжей-тегжейлі баяндап, атқарылған шаралар туралы есеп берді. Осы уақыт аралығында реформаға байланысты келіп түскен сұрақтарға тікелей жауаптар берілді.

Тоқтала кететін жайт, өткен аз уақыт ішінде Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның 48 отырысы өткен екен. 59 заң қабылданып, 400-ден астам нормативтік-құқықтық актілер дайындалды. Дегенмен, бұл бағыттағы заңнамалық жұмыстар биыл да жалғасатын болады.

Ұлт Жоспарының 5 бағыты бойынша алғашқы нақты нәтижелерге тоқталған Премьер-Министр орынбасары Дариға Назарбаева «100 нақты қадамның» табысты жүзеге асырылуы ел дамуын жаңа деңгейге көтеріп, экономикалық өсім үшін лайықты жағдай жасайтынын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Ұлт Жоспары қазақстандықтардың өмір сапасын қазіргі ЭЫДҰ елдерінде қалыптасқан жоғары өмір деңгейі мен стандарттарына сәйкестендіруге бағытталып отыр.

«Қазақстан 2016 жылдың 1 қаңтарынан жаңа құқықтық және институттық орта жағдайында өмір сүруде. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке іріктеудің үш сатылы жүйесіне көшу жүзеге асырылды, командалық ауыс-түйіс доғарылды, нәтижеге сәйкес жалақымен қамтамасыз ететін әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді бағалау әдісі енгізілді. Сонымен қатар, еліміздің сот жүйесі 5 буынды жүйеден 3 буынды жүйеге көшті. Жоғары Сот Кеңесі дербес аппаратымен автономды мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істей бастады, құрылыс саласында рұқсат беру құжаттарын ұсыну мерзімі түбегейлі қысқарды», - деді Д. Назарбаева. Бұдан соң, 5 реформа бойынша әрбір жұмыс тобының жетекшілері өз салаларына қатысты баяндап, сауалдарға жауап берді.

Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бірінші бағыты мемлекеттік аппаратты кешенді түрде жаңғыртуды қарастырады. Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақовтың айтуынша, бүгінде еліміз мемлекеттік қызметтің аралас үлгісінен мемлекеттік қызмет жүйесін құрудың мансаптық қағидатына көшкен. Оның аясында қызметкерлердің құзыреттері мен жекелеген қасиеттері бірінші кезекке шығады, ал мансаптық өсу үшін төменгі лауазымдарда жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті. Оған қоса, биылдан бастап мемлекеттік қызметке орналасу үдерісі түбегейлі өзгерді. Бұдан былай үміткерлерді іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізіледі.

Бес реформаның екінші бағыты - заң үстемдігі. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаевтың айтуынша, 19 қадамнан тұратын осы бағыттың аясында ұсынылған реформалар Қазақстанда қызмет етіп жатқан сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жаңғыртылуын қамтамасыз етеді. «Заңның үстемдігі» бағыты бойынша реформалар Қазақстандағы сот жүйесін неғұрлым кәсібилендіруге, әділ, таза әрі ізгілікті етуге бағытталған. Сот ісін ашық өткізу мақсатында сот залдарында сот процестерін бейне жəне таспаға жазуға мүмкіндік беретін жаңа жүйемен жабдықтау жұмысы жалғасуда. Қазір осындай жүйемен 1 050 зал немесе барлық залдардың 75 пайызы жабдықталған. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Жыл басынан сот органдары бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге көшті. Сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдетумен қоса, бұл істерді сотта қарау мерзімдерін азайтуға мүмкіндік береді. Сот бақылауын күшейту жəне азаматтардың құқықтарын қосымша қорғау мақсатында сотқа төрт тергеу қызметіне санкция беру уəкілеті берілді. Бұл - қарап тексеру, тінту, алу жəне жеке басын тінту. Жыл басынан бері бұлар бойынша сотқа 4 715 материал түскен», - деді  М. Бекетаев. Айта кетерлігі, сұрақ-жауап аясында Президент Əкімшілігі Басшысының орынбасары мемлекеттік қызметкерлер арасынан жергілікті полиция қызметкерлеріне ғана смартфон ұстауға рұқсат етілетінін атап өтті. Ал Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақовтың сөзіне қарағанда, жұмыс орнында смартфон пайдаланған өзге мемлекеттік қызметкерлер тиісті заңнама бойынша тəртіптік жазаға тартылады. Мемлекеттік қызметкерлер арасында жергілікті полиция ғана смартфон ұстап, азаматтардан «WhatsApp» арқылы шағым қабылдай алады.

Үшінші бағыт - елді индустрияландыру, жаңғырту мен экономикалық өсімді қамту. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Ұлт Жоспарында айқындалған міндеттер аясында жер қатынастары, құрылыс, электр энергетикасы, агроөнеркәсіптік кешен салаларында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Соның ішінде жер мәселелеріне қатысты заңнамалық өзгерістер осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Ал құрылыс саласында қажетті заңдар мен басқа да заңға қатысты актілер қабылданған. Жекелеген нормалар мен ережелерді кезең-кезеңімен іске асыру мерзімі 2020 жылға дейін деп қарастырылған.

«Еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін арттыру, стратегиялық «зәкірлі» инвесторларды тарту, экономиканың басым бағыттарында біріккен кәсіпорындар құру бойынша түрлі шаралар қабылданды. Қазақстан халықаралық көліктік-коммуникациялық ағымға кірігіп, Азиядан Еуропаға көлік дәліздерін салуда. 37-45-қадамдар салық және кеден саласындағы реформаларды қамтиды. Осы тұрғыда, жария ету мәселелері ерекше орын алады. Мүлікті және ақшаны жария ету барысында теңдессіз жеңілдіктер мен кепілдіктер белгіленді. Жария ету мерзімі ағымдағы жылдың соңына дейін ұзартылды», - деді Е.Досаев.

Бұдан бөлек, Ұлт Жоспары аясында «Индустрияландыру және экономикалық өсім» реформасының аясында өткен жылы 30 заң мен 289 заңға қатысты актілер қабылданған. Сонымен қатар, биыл осы бағытта 152 нормативтік құқықтық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 4 заң әзірленіп, қабылданады. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы жақында Парламенттің сессиясын ашу барысында біріктірілген Салық және Кеден кодекстерін қабылдауды тапсырған болатын. Аталған құжат биыл 1 қыркүйекте Парламентке жолданбақ.

Төртінші бағыт аясында 5 пункт жүзеге асырыла бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, елімізде  бірлік пен біртектілікті қалыптастыру мақсаты бірнеше бағыт бойынша дамытылады. Бұл үшін 33 нормативтік акт, 5 заң, Мемлекет басшысының 5 Жарлығы мен Үкіметтің 12 қаулысы қабылданған. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтары негізінде қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы бекітілді. «Қоғамдық сананы қайта қалыптастыру және бүкілқазақстандық мәдениетті нығайту тұрғысынан жетекші рөл Қазақстан халқы Ассамблеясына берілді. Сондықтан,  Ассамблея бірқатар қағидатты міндеттерді шешуді жүзеге асырады. Біріншіден, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының қызметі «Мәңгілік Ел» Жаңа Қазақстандық Патриотизмді нығайтуға және дамытуға бағытталған. Екіншіден, республикамыз үшін отбасы, бірлік, сондай-ақ, еңбексүйгіштік, адалдық, зияткерлік, үш тілділік тәрізді құндылықтар насихатталатын еңбек және кәсіпқойлар қоғамын құру басымдықты болып табылады. Адам әлеуетінің сапасын арттыру үшін білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларында реформалар жүргізілуде. Үшіншіден, Қазақстанның алдында ел дамуының стратегиялық мақсаттары үшін жұмылған, қазақстандық біртектілік пен бірлік, Жаңа Қазақстандық Патриотизм қағидаттарында тәрбиеленген «Мәңгілік Ел» ұрпағын қалыптастыру бойынша міндеттер тұр. Төртіншіден, қоғам алдында халықтың тарихи естелігі мен рухани-мәдени мұрасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды, сондай-ақ, мемлекеттің қазақстандық қоғамның рухани бірлігі қағидаттарына негізделген зайырлылық сипатын дамыту бойынша шараларды сапалы түрде жүзеге асыру міндеттері бар», - деді Е. Тоғжанов.  Түйіндей айтқанда, реформа нәтижесінде Ассамблея алғаш рет азаматтық өкілдіктің жаңа қоғамдық кеңесі ретінде жұмыс істей бастады.

Ұлт Жоспарының бесінші бағыты - халыққа есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаевтың айтуынша, осы реформалар аясында маңызды шаралар қабылданды. Мәселен, мемлекеттік жоспарлауда оңтайландыру іске асырылған. Түрлі деңгейдегі сегіз бағдарлама жолға қойылып, бес салалық бағдарлама үкіметтік негізде қайта бекітілген. Барлық министрліктер мен əкімдіктерде жаңа заңнамалық негізде үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен қоғамдық кеңестер құрылып, мемлекеттік органдардың қызметін бағалайтын жаңа жүйе жұмыс істей бастаған. «Мемлекеттік органдар, əкімдер, ұлттық университеттердің басшылары жыл сайын халық алдында есеп беру тəжірибесі енгізілді. Бірінші тоқсанда барлық əкімдер есеп берді. 2016 жылдың екінші тоқсанында - министрлер, үшінші тоқсанында ұлттық университеттердің ректорлары есеп береді», - деді Асқар Бейсенбаев. Оның айтуынша, транспарентті есеп беретін мемлекет құру сыбайлас жемқорлықты азайтып, Қазақстан қоғамындағы азаматтық сананы өзгертеді. Транспарентті және есеп беретін мемлекет құру азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үрдісіне белсене тартылып, халық пен бизнес-қауымдастықтың азаматтық белсенділігінің артуына ықпал етеді.

«Қазіргі күні «Ашық Үкімет» енгізуді қарастыратын 94-қадам да ішінара жүзеге асырылуда. «Ашық Үкіметті» қалыптастыру мақсатында қабылданған шаралар кез келген заңға қайшы келмейтін жолмен ақпараттарды еркін алу және тарату жөніндегі әр азаматтың конституциялық құқығын іске асыру нәтижесінде пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Ашық Үкіметтің арқасында халық үшін барлық бюджеттік және қаржылық есептілік, сыртқы қаржы аудитінің нәтижелері, мемлекет саясатының тиімділігін бағалау қорытындылары, мемлекеттік қызмет сапасының қоғамдық бағалау нәтижелері, республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеп жарияланады. 97-қадам бойынша 2016 жылға белгіленген заңнамалық жұмыстар жоспарына сәйкес іс-шаралар атқарылуда. Бұл мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға беруге, өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға мүмкіндік тудырады», - дейді А. Бейсенбаев.

Айта кетерлігі, 100-қадам аясында 2016 жылдың 1 наурызында «Үкімет азаматтар үшін» Мемлекеттік корпорациясын құру жөнінде қаулы күшіне енді.

  

Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласында әлемдік көшбасшы болып қала береді

Апта барысында ҚР Президенті Н. Назарбаев Вашингтон қаласындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысты. Тәуелсіздік жылдарында бейбіт даму жолына таңдау жасап, әлемде тұңғыш рет қуатты жойғыш ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде халықаралық қауымдастықты мойындатқан Қазақстанның, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау жаһандық жиында алатын рөлі айрықша екені сөзсіз. Еске сала кетерлігі, сарапшылар биылғы төртінші һәм қорытынды саммит қауіпсіздік мақ­саттарын тиімді ілгерілететінін алға тартады. МАГАТЭ және өзге де салалық ұйым­­дар­мен ық­палдаса отырып әлем мемлекеттері қауіпсіз­діктің одан да берік архитектурасын, одан да тұрақты моделін орнатуға мүдделілік танытпақ.

Айта кетерлігі, әлем қауымдастығы адролық қауіпсіздік мәселесін Қазақстан мемлекетімен, Елбасының есімімен тығыз байланыстыра бастады. Бұған да негіз жоқ емес. Өйткені, Қазақстан ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет қана емес, қарусыздану идеясын жаһандық деңгейге көтерген бейбіт дамудағы көшбасшы ел ретінде танылып отыр. Ал бұл жолғы сапар аясында саммитте Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, Қазақ­стан­ның дү­ние­жүзі антиядролық қоз­ға­лы­­сын­дағы жетекшілігін тағы бір мәр­те нақтылайтын болады.

Елбасының сапары аясында Қазақстан мен АҚШ-тың  яд­ролық қауіпсіздік саласын­дағы стра­тегиялық серіктес­тігін нығайту мәселелеріне де мән берілді. Атап айтқанда, Вашингтон қаласындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиті аясында Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қауіпсіздік және таратпау саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемесі  қабылданды. Мәлімдемеде тараптар екі мемлекеттің ядролық материалдарды сақтау қауіпсіздігін арттыру үшін қабылдап жатқан нақты кешенді шараларын атап өтеді. Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ арасында осы салада іс жүзіндегі өзара ықпалдастықты жалғастыруға деген ортақ ұстанымды тараптар растайды. «Тараптар сезімтал ядролық материалдар пайдаланылмайтын жаңа технологияларды техникалық жағынан мүмкін болатын, экономикалық тұрғыдан тиімді болатын тұстарда енгізу жөніндегі ядролық сала ұмтылысын қолдайды. Бұған қоса, тараптар Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығын құру ісіне бірлескен күш-жігер жұмсалып отырғанын қанағаттанушылықпен атап өтеді. Орталық ядролық қаруды таратпау саласында материалдарды қорғау, бақылау және есепке алу тренингтерін, ядролық және басқа да радиоактивтік материалдардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл тренингтерін өткізетін болады. Орталық құрылысы 2015 жылдың соңында басталды, ол 2016 жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетін болады», делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар, АҚШ сапары аясында Елбасы Вашингтон қаласында Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен кездесті.  Онда сөз сөйлеген Президент қазіргі заманғы әлем құрылымының проблемалары мен  Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне, еліміздің жаһандық антиядролық қозғалысқа қатысуы мәселесіне тоқталды.

«Орталық Азияда ядросыз аймақ құру арқылы біз орнықты әлем географиясын қалыптастыруға шақырамыз. Бұл - Еуразияда, Латын Америкасында және Африкада алты ядросыз аймақ кеңістігін кеңейту деген сөз. Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда орналастыру туралы МАГАТЭ-мен келісімге 2015 жылы қол қойылуы маңызды қадам болды. Бұл - жаһандық ауқымдағы оқиға. Әлем оны атомды қауіпсіз әрі бейбіт мақсатқа пайдалану ісіндегі маңызды шара ретінде бағалауы тиіс», -деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Сонымен бірге, Елбасы Жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге белсене қатысуды маңызды санайтынына назар аударды. «Ажал себетін қаруларды ғарыш кеңістігінде, әлемдік мұхит табаны мен бейтарап суларында, сондай-ақ Арктикада орналастыруға тыйым салатын іргелі шешімдер қабылдайтын уақыт келді. Ғылыми жаңалықтарды жаппай қырып жою қаруларының жаңа түрлерін жасауға қолдануды тыю жөніндегі халықаралық келісім мен БҰҰ реестрін әзірлеген жөн», - деген Президент Жаһандық антиядролық қозғалыс құруды маңызды міндет ретінде атап өтті. Елбасының айтуынша, Қазақстан бастамашылық еткен, халықаралық қолдауға кеңінен ие болып келе жатқан «АТОМ» халықаралық жобасы осы мақсатқа арналған. Сондықтан да, Қазақстан алдағы уақытта Ядролық сынақтарға қатысты баршаға бірдей тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне атсалысу жөніндегі 9-конференцияның тең төрағасы ретінде  оның толық әмбебаптануын қамтамасыз етуге күш салуын жалғастыра береді. 

Соңғы жаңалықтар