Ұлттық киім мен әшекей сатып алмақ болып алданған ақтөбеліктердің саны артты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазір жәбірленушілер саны 70-ке жуықтады. Ал күдікке төрт адам ілікті.
Ақтөбе облыстық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, істі полиция қызметкерлері тергеп жатыр. Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, жәбірленушімен қатар күдіктілер саны да арта түскен.
- Күдікті әлеуметтік желілер арқылы өз кәсібін жарнамалап, азаматтарға дүкенді дамытуға инвестиция салуды ұсынады. Ай сайын жоғары пайызын төлеуге және кейіннен салынған қаражатты толық қайтаруға уәде берген. Азаматтардың сеніміне кіру мақсатында табысты кәсіпкерлік қызметтің көрінісін жасап, салымдардың қауіпсіз әрі тиімді екеніне сендірген. Алайда өзіне алған міндеттемелерді орындауға және уәде еткен табысты қамтамасыз етуге нақты мүмкіндігі болмаған. Нәтижесінде бірқатар азаматқа материалдық залал келтірілген. Іс бойынша 68 азамат жәбірленуші ретінде танылып, дүкеннің иесіне қатысты сотпен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұған қоса қылмыстық іс бойынша 4 тұлға күдікті ретінде танылды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, биыл маусым айында ұлттық киім мен әшекей сатып алмақ болып алданған ақтөбеліктер кәсіпкерді қамауға алуды сұрады.