Үндістан Air India ұшағы апатының себептерін бір ай ішінде жариялайды

АСТАНА. KAZINFORM – 260 адамның өмірін қиған Air India әуе компаниясы ұшағының апатын тергеу ісі соңғы кезеңге жетті. Бұл туралы жұма күні Үндістанның Азаматтық авиация министрі Рам Мохан Найду Кинджарапу мәлімдеді, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.

ұшақ апаты
Фото: ANI

– Қолымыздағы мәліметтерге сәйкес, тергеу аяқталуға жақын. Тағы шамамен бір айдан кейін процесс толық тәмамдалады, – деді министр Гуджарат штатындағы іс-шара барысында.

Оның айтуынша, тергеу байыпты, әділ және ашық жүргізіліп жатыр.

Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы 2025 жылғы 12 маусымда Ахмедабад қаласындағы Сардар Валлабхаи Патель атындағы халықаралық әуежайдан ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған. Ұшақ Лондон бағытына бет алған.

Борттағы 242 жолаушы мен экипаж мүшесінің біреуінен басқасының бәрі қаза тапты. Сонымен қатар жерде тағы 19 адам көз жұмды.

Үндістанның авиациялық оқиғаларды тергеу бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, апатқа ұшқыштардың кабинадағы жанармай беру тетіктерін басқару кезінде шатасуы себеп болған. Соның салдарынан қозғалтқыштарға қуат беру тоқтаған.

Бұған дейін аталған ұшақ апаты бойынша алдын ала есеп жарияланды.

Еске сала кетсек, былтыр маусым айында бортында 240 адам болған Air India ұшағы апатқа ұшырап, дәрігерлерге арналған жатақхана ғимаратына құлаған. СІМ апатқа ұшыраған бортта зардап шеккен қазақстандықтар жоқ деп мәлімдеді. Сонымен қатар бір жолаушы тірі қалғаны туралы да жазған едік.