USAID-та 294 қызметкер қалады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әлем бойынша 10 мыңнан астам адам жұмыс істейтін Халықаралық даму агенттігі (USAID) қызметкерлерінің аз ғана бөлігін қалдыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ВВС.

Тек 294 адам өз орнын сақтайды.
Атап айтқанда, агенттік қызметкерлерінің саны 30 еседен астам қысқартылғаннан кейін Африка бюросында тек 12 адам, ал азиялық бюрода 8 адам қалады, деп хабарлайды Reuters төрт дереккөзге сілтеме жасап.
USAID-тің кейбір қызметкерлері жұмыстан шығару туралы хабарламалар ала бастады.
Осы аптада агенттік сайтында USAID-тің барлық дерлік қызметкерлері жұма күні бүкіл әлем бойынша әкімшілік демалысқа шығарылатыны туралы хабарлама шықты.
АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (ағыл. United States Agency for International Development, USAID) негізгі миссиясы – шетелдік гуманитарлық көмекті үйлестіру. Нақтырақ айтсақ, өзге мемлекеттермен бірлесе отырып әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар әзірлейді.
Бұған дейін АҚШ USAID-ты неге тарататынын жазған болатынбыз.
Жақында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Мәжіліс кулуарында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің жұмысын тоқтатуы Қазақстанда басталып кеткен жобаларға қалай әсер етіп жатқаны туралы пікір білдірді.
Ал Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елімізге шетелдік демеушілер бөлетін қаржыға аудит жүргізіп, барлық есеп-қисабын халыққа жариялау керек деп отыр.