Үш сағат бұрын кезекке тұрады: Ақтөбеде балалар стоматологі жетіспейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жас мамандар тәжірибе жинаған соң жеке клиникаға басымдық береді. Әрі мемлекеттік емханада тек жоғары оқу орнын бітірген мамандар ғана қабылданады. Ақтөбе облыстық балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Айгүл Бижанова Kazinform тілшісіне саладағы өзекті проблемалар мен ұсыныстарын айтып берді.

тіс емдеу
Фото: Kazinform / Ақерке Дәуренбекқызы

Стоматологтер жұмыстан кетті

Елімізде балалардың тісін емдету – тегін. Алайда мемлекеттік емдеу орындары ақылы да қызмет көрсете алады. Таңдауға ерік берілген және ата-аналар балаларын кез келген уақытта апарып, қарата алады. Мұнда ем-шара ғана емес, тіс күтімі, тіс жегісінің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын таңдаған дұрыс. Ата-аналар болса көбіне баланың сүт тісі ғана емес, негізгі тісі шіріп кеткенде келіп, жоғары сапалы қызмет көрсетуді сұрайды.

- Жаз айларында мұнда кезек көп болады. Ата-аналар балалары үшін таңғы сағат 05:00-06:00-ден бастап келіп, стоматолог дәрігердің қабылдауына кіруге асығады. Иә, бізде бұл өзекті мәселе. Себебі стоматолог дәрігерлер жетіспейді. 2024 жылдан бастап арнаулы орта білімі бар мамандар емдеу құқығынан айырылды. Екінші деңгейлі ем түріне осындай талап қойылған соң облыстық балалар стоматологиялық емханасынан 9 маман жұмыстан шығарылды. Бәрі де ем-шара жүргізетін стоматолог дәрігер еді. Қазір емханада тек жоғары білімді, білікті маман жұмыс істейді. Олар санаулы ғана. Біз сол 9 адамның орнын толтыра алмай отырмыз. Тіпті жоғары білімді 15 стоматолог келсе, қабылдаймыз. Соның ішінде балалармен жұмыс істейтін маман керек. Өкінішке қарай мамандар келмейді. Олар жеке емханада жұмыс істесе бір айдың жалақысын бір аптада ала алады,- деді Ақтөбе облыстық балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Айгүл Бижанова.

Әрине стоматолог дәрігердің табысы оның еңбек өтіліне, біліктілік санатына қарай есептеледі. Қазір мемлекеттік емханадағы ең төменгі жалақы шамамен 300 мың теңгеден басталады. Ал жеке емханалардағы табысы одан екі, тіпті үш есе көп болуы мүмкін.

- Мемлекеттік емханаларда қызмет көрсету тарифі төмен. Бұл емхананың бас дәрігері, облыстық басқарманың басшысы емес, министрлер шешуі тиіс сұрақ. Тағы бір мәселе – Ақтөбедегі емхана ғимараты бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан әрі ескі. Емдеу кабинеті аз, дәлізі тар. Оны кеңейте алмаймыз. Адам көп жиналғанда ауа тарылып, қиындық туындайды. Мұнда бала бірден емге жіберілмейді. Алдымен ауыз қуысын қарап, диагноз қояды. Кейін баланы рентгенге жіберіп, аллергиялық сынама алуға жолдайды. Аллергиялық сынаманы емханада тапсырып, нәтижесін алып келуі тиіс. Оны жыл сайын тапсырғаны жөн. Содан кейін ғана бала хирург немесе терапевтке бағытталады. Дәрігерлер тісті сақтап қалудың амалын қылады. Өкінішке қарай ата-аналар балаларын бірнеше тісіне құрт түсіп, сынған кезде әкеледі. Емдеуге жарамаған кезде жұлдыруға кеңес береді. Сүт тісі болса, жарасы жеңіл. Ал тұрақты тісі бүлінсе қиын. Жасөспірім шақта жұлып тастаса, орнына имплант та сала алмайды. Себебі бұл шақта баланың жақ сүйегі толық жетілмейді,- деді Айгүл Бижанова.

Сонымен бірге тісжегіден кейін қызыл иегі қабынып, кейде іріңдеп кетуі де мүмкін. Мұндайда балалар ауруханаға, бет-жақ хирургиясы бөліміне жатып, ем қабылдайды.

- Негізінен ата-аналардың бірі жоспарлы түрде ем қабылдаса, екінші легі шұғыл әкеледі. Жаз айларында ойнап жүріп, велосипед, самокат тебеді, құлайды. Тісін сындырып алатындары да бар. Балмұздақ, тәтті сусын ішіп, тісжегісі бар қызыл иек қабынады. Содан түнде тісі ауырып келетіндер көбейеді. Аудандағы стоматологтерге де ескертіп, алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырып жатырмыз. Олар мектептерге барып, ауыз қуысын дұрыс тазалауды да үйретуі керек. «Болашаққа сау тіс» бағдарламасы аясында кабинеттер ашылып жатыр,- деді Ақтөбе облыстық балалар стоматологиялық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Әсел Көптілеуова.

Тегін әрі ақылы

Балалар стоматологі болудың тағы бір қиын тұсы – алдына келген баланы көндіру. Ақ халат киіп, түрлі темір құрал-сайман ұстаған дәрігерді көргенде баланың көбі жылап, ауызын ашпайды. Айтып түсіндіру, көндіру қосымша 10-15 минутты алады. Кейде ата-ана ашуға беріліп, баласын ұрып та жатады. Айгүл Бижанованың айтуынша, үйде баламен тіс дәрігері болып ойнау керек. Ауыз қуысын қарап, тексеріп көрсетсе, көріп-білген бала қорқынышын жеңеді.

- Протез тек тұрмысы төмен отбасы балаларына, жетім балаларға салынады. Брекет ақылы негізде қойылады. Ал бітеуіш, яғни, пломбаның бірнеше түрі бар. Мәселен, цемент. Қазір оны қолданбаймыз. Тағы бір түрі – химиялық жолмен қатаятын тіс бітеуіш. Үшінші түрі – жарықпен қатайтылатын бітеуіш. Үшіншісі сапалы әрі заманауи болғанымен, мемлекеттік емханаларда қарастырылмаған. Оны тек ақылы негізде қолдануға болады,- деді Ақтөбе облыстық балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Айгүл Бижанова.

Сонымен бірге Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында ғана севоран арқылы ем жүргізеді. Ерекше балалар осы жерде қаралады.

Мектептерде стоматология кабинеттері бар

Кейінгі кезде орта мектептерде стоматология кабинеттері ашылып жатыр. Онда жоғары білімді стоматолог та, арнаулы орта білімді маман да еңбек ете алады. Көбіне ауыз қуысын қарап, алдын алу шарасын қабылдайды, жеңіл дәрежедегі тісжегіні емдейді. 2025 жылы Ақтөбе облысы бойынша 14 стоматология кабинеті жасақталса, биыл тағы 14-і ашылады.

- Стоматологиялық көмек көрсетудің алғашқы сатысы осы. Екінші сатысы стоматологиялық емхана, аурухана болса, үшіншісі бет-жақ институты. Сонымен бірге емханаларда да стоматология кабинеті бар. Оларға мектептердің кабинеті қарайды. Өңірде мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп отырған клиника бар. Олар қаланың бірнеше ауданында орналасқан. Егер жеке клиника қабылдаудан бас тартса, ата-аналар Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағым түсіре алады,- деді А. Бижанова.

Маман тапшылығы мәселесін шешу

Өңірде медициналық университет болса да денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесі жойылған емес. Себебі жас мамандарды өзге өңірлер шақырып, көбіне алып кетеді. Олар жоғары жалақы мен пәтер ұсынады. Мұндай ұсыныс еңбек жолын енді ғана бастаған маманды сөзсіз қызықтырады.

- Стоматологиялық емханада жұмыс істеп жатқан маманның 40% жеке клиникаларда да еңбек етеді. Олар мұнда 6 сағат жұмыс істеп, қосымша табыс табады. Мемлекеттік емханада жұмыс 08:00-де басталады. Екінші ауысым уақыты - 15:00-20:00 аралығы. Бәрі де отбасының қамы. Әрі стоматология бөлімінде оқу ақысы жоғары. Біздегі құрал-жабдықтар қолжетімді болса, жеке клиникаларда жоғары технология қолданылады. Олар соған ұмтылады, жаңалықтан қалғысы келмейді,- деді бас дәрігер.

Бір айта кетерлігі, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін жергілікті бюджет есебінен грант бөліп, оқыту қолға алынды. Саны аз. Былтыр бір ғана студент қабылданды.

Айта кетейік, алдағы 3 жылда мектептерде 860-тан астам стоматологиялық кабинет ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.