Венесуэла АҚШ-пен алғашқы дипломатиялық байланыстарды бастайды
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэла АҚШ-пен дипломатиялық байланыстарды «сынақ форматында» бастауға шешім қабылдады. Бұл туралы жұма күні Венесуэла Сыртқы істер министрі Иван Хиль Пинто ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Синьхуа.
Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Иван Хиль Пинто келіссөздердің мақсаты – АҚШ тарапынан болған агрессия салдарларын жою және Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайына қатысты жағдайды реттеу екенін айтты.
Пинтоның жазбасына сәйкес, сынақ форматындағы келіссөздер «екі тарапқа ортақ қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша жұмыс жоспарларын» да қамтиды.
Айта кетейік, арнайы операция барысында Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы АҚШ-қа эвакуацияланып, тұтқындалды.
Венесуэлаға қарсы әскери операцияға 150 бомбалаушы, жойғыш және барлау ұшағы қатысқаны белгілі болды.
АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған шабуылы салдарынан кемінде 40 адам қаза тапқаны анықталды.
Мадуро Нью-Йоркте есірткі саудасы айыбы бойынша сот алдында жауап берді.
Венесуэланың бұрынғы басшысы мен оның жұбайы алғашқы сот отырысында өзін кінәлі деп танымайтындарын мәлімдеді.
Кейіннен Делси Родригес Венесуэланың уақытша президенті ретінде ант берді.
Сонымен қатар Венесуэлада АҚШ-тың әскери араласуы кезінде қажетті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете алмағаны үшін президент Николас Мадуроның күзет қызметіне жауапты генерал-майор Хавьер Маркано Табата қызметінен босатылды.
Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес АҚШ қарулы күштерінің операциясы барысында қаза тапқан қауіпсіздік қызметкерлерін еске алу мақсатында елде жеті күндік ұлттық аза тұту күнін жариялады.