Юлия Путинцева Брисбен турнирін жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 71-ракеткасы Юлия Путинцева Брисбен WTA 500 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайысының жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 119-орында тұрған аустралиялық Присцилла Хонмен кездесті.
Матч 6:4, 6:3 есебімен Путинцеваның пайдасына шешілді.
Бір сағат 19 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық теннисші 2 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Хон 3 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Ю.Путинцева іріктеу сайысының финалында келесі қарсыласын ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың Үндістандағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Брисбен турнирінде Юлия Путинцеваның қарсыласы анықталды.