Залалсыздандыру жүргізіліп жатыр: Алматыда РФММ оқушылары екінші тоқсанда онлайн білім алады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) қажетті санитариялық-профилактикалық және залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

онлайн
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

«РФММ» КеАҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір мектепте анықталған ескертулерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Осыған байланысты оқу жылының екінші тоқсанында оқушылар онлайн форматта білім алатын болады.

— Қазіргі уақытта оқушылар күзгі демалыста. Екінші тоқсанда сабақтар уақытша қашықтан оқыту форматында жалғасады. Дәстүрлі оқу форматына көшу мәселесі барлық қажетті санитариялық-профилактикалық жұмыстар толық аяқталып, санитариялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілгеннен кейін қарастырылады, — деп хабарлады РФММ.

Еске салайық, 14 қазанда РФММ-нің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды.

Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтті.

Сондай-ақ аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.

Кейін ауруханаға түскен оқушылардың саны артқаны белгілі болды.

22 қазанда Алматыда уланған РФММ оқушыларының барлығы емханадан шығарылды.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті зертханалық зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Ол бойынша мектептің төрт қызметкерінен стафилококк бактериясы анықталған. Сондай-ақ тағамдардан микробтық ластану, тағам сынамалары мен ыдыстардан алынған шайындылардан ішек таяқшалары тобының бактериялары табылды. Қазір «MasterFood» ЖШС асханасы мен РФМШ мектеп-интернатының қызметі 60 күн мерзімге тоқтатылған.