Заңсыз діни ұйым құрды деген күдікпен 17 өзбекстандық ұсталды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда 17 адамға заңсыз діни ұйым құрды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Заңсыз діни ұйым құрды деген күдікпен 17 өзбекстандық ұсталды
Фото: Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, ұсталғандардың арасында кеден органдарының үш қызметкері, Ташкент мемлекеттік Шығыстану университетінің студенті, технопарк директорының орынбасары мен жеке кәсіпкерлер бар.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, айыпталып отырған топ мүшелері түнгі уақытта Ташкенттегі тамақтану орындарының бірінде жиналып, түрлі діни әдебиеттерді пайдалана отырып, пікір алмасқан. Күдіктілердің ең кішісі – 24, үлкені 49 жаста.

Аталған факті негізінде ӨР Қылмыстық кодексінің «Қоғамдық бірлестіктер мен діни ұйымдардың қызметін заңсыз ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған топ мүшелеріне қатысы бар өзге де күдіктілермен алдын ала тергеу жүріп жатыр.

Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстан Президенті әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Комил Алламжоновқа жасалған қастандыққа қатысы бар деп айыпталған 10 адамға сот үкімі шықты.

Сонымен қатар, 3-4 ақпан аралығында Өзбекстанда өткен «Қорадори» («Қара көкнәр») операциясының нәтижесінде есірткі саудасымен айналысқан 228 адам қылмыстық жауапқа тартылды.

Соңғы жаңалықтар