Жамбыл облысы сейсмикалық апаттарға дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің табиғи төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздігі жөнінде тілшілер сұрағына жауап берді.

Алматыда 10 916 нысанға сейсмикалық аудит жүргізілді
Фото: freepik

Оның айтуынша, ірі жер сілкінісі болған жағдайда өңірлік қызметтер жедел әрекет етуге және үйлесімді жұмыс істеуге толыққанды дайын.

— Соңғы 2 жылда өңірде жеңіл және орташа 4-5 жер сілкінісі тіркелген. Қазір облыста жеті сейсмобекет жұмыс істейді. Біз оларды бақылап отырмыз және ТЖД-мен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеміз. Жалпы алғанда, дайындық жұмыстары бақылауға алынды. Егер үлкен жер сілкінісі болса, өзімізді дайынбыз деп есептейміз, — деді Е. Қарашөкеев Астанада өткен брифингте.

Облыс әкімі келтірген деректерге сәйкес, өңірде зардап шеккендерді қабылдайтын 423 пункт бар. Бұдан бөлек, тоғыз гуманитарлық қабылдау пункті және аудандарда қоқыс тастауға арналған сегіз орын, мәйіттерді жерлеуге арналған алты орын белгіленген.

Халықты хабардар ету үшін 145 дабыл қағатын құрал, 95 дауыс зорайтқыш сирена және 50 электрлік сирена қолданылады. Бұдан бөлек, полицияның патрульдік көліктері де жұмылдырылады.

— Біз Алматы мен Астанадағыдай үлкен әрі ыңғайлы жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қомақты қаражатты қажет етеді. Қазір де қолданыстағы сиреналар мен эвакуациялық пунктердің дайындығын жүйелі түрде тексеріп отырамыз, — деп түсіндірді облыс әкімі.

Әкім соңғы жер сілкіністерінен ешкім зардап шекпегенін атап өтті. Тек бірнеше әлеуметтік нысан бүлінген, олар бюджет есебінен қалпына келтірілген.

Бұған дейін Ербол Қарашөкеев кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың жалақысы көтерілетінін айтқан еді.

Сондай-ақ, 6 жасар бала өлімінен кейін бас дәрігер жұмысынан босатылды.

Соңғы жаңалықтар