Жаңа министр Отбасы банкінің ипотекалық бағдарламаларына 80 млрд теңге сұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 19 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру үшін «Бәйтерек» арқылы 500 миллиард теңге қосымша қаражат бөлу пысықталып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндады.

− Биыл 19 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру үшін «Бәйтерек» арқылы 500 миллиард теңге қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Атап айтқанда, 21 мың жалға берілетін пәтерді сатып алуға 300 миллиард теңге қажет. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым қажеттілігі 120 миллиард теңге, − деді Ерсайын Нағаспаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, министрдің айтуынша, Отбасы банкінің «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламалары бойынша 80 миллиард теңге қажет.
− Министрліктің тұрғын үй құрылысын ынталандыру және кезекте тұрғандарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бастамаларын қолдауыңызды сұраймын, − деді Өнеркәсіп министрі.
Бұған дейін Ерсайын Нағаспаев елдегі өнеркәсіпті дамыту үшін қанша қаражат керек екенін, қоғамдық көлік пен арнайы техниканы жаңартуға 109 миллиард теңге қажеттігін айтқан еді.
Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметіне кіріскен Ерсайын Нағаспаев Үкімет үйінде ант қабылдады.