Жаңа жыл кеші өтетін ғимаратқа қандай талаптар қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Бабаев Жаңа жыл кеші өтетін ғимаратқа қандай талаптар қойылатынын айтты.
— Адамдар жаппай жиналатын іс-шара ұйымдастырған кезінде кемінде 2 «эвакуация есігі» болу керек. Жаңа жылдық іс-шараны жанғыш жабыны бар ғимараттың екінші қабаттан жоғары бөлігінде өткізуге болмайды, — деді ол.
Маманның айтуынша, ғимарат ішін әрлеу кезінде өрт қауіпсіздігінің ережелерін қатаң сақтау керек.
— Әшекей шамдарды электрге дұрыс жалғау қажет. Ғимараттың электр жүйесінде төмендеткіш трансформатор болмаса, шыршаға тағылатын шамдар тізбегінің кернеуі 12 вольттен аспау керек, — деді төтенше жағдай қызметінің өкілі.
Бұған дейін 28 желтоқсан күні елордада жаңа жылға арналған жаппай марафон өтетінін жазған едік.