Жаңа жыл түні Ақтөбеде 21 қылмыстың ізі суымай ашылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жаңа жылда ІІД жеке құрамы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күзетті күшейтті. Барлығы 21 қылмыстың ізі суымай ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа жыл түні Ақтөбеде 1700 полиция қызметкері кезекшілікке шықты. Басым бөлігі жаңажылдық концерт ұйымдастырылған Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта болды.
«Жаңа жыл түні қоғамдық орындарда тәртіп қатаң бақылауға алынды. Ешқандай оқыс оқиға болған жоқ. Барлық 21 қылмыстың ізі суымай ашылды. Басым бөлігі ұрлық пен бұзақылық. Қазіргі кезде 1200 полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті бақылап жүр»,- деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, облыста 323 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Басым бөлігі жол жүру ережесін бұзу, 8 жүргізуші мас күйінде рульге отырған. Ал 19 адам қаңғыбастар үйіне жеткізілді.