Жангелдин ісі: сотта күдіктінің енесінің алтындарын ломбардқа өткізген көрсетілді

АТЫРАУ.KAZINFORM - Жангелдин ауылында өлтірілген Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның үй ауласындағы сарайдан мүрдесінің қалай табылғаны көрсетілді.

в
Фото: видеодан алынған скрин

Видеодан сүйектер 1 м қазылғаннан кейін табылғанын байқауға болады.

Күдікті бірінші Нәсіп Өтешқалиеваны, кейін оның үстіне Мақсот Қарабалинді салып көміп тастаған. Кейін ізін жасыру үшін үстіне линолеум төсеп, диван қойып кеткен.

Күдікті ата-енесін өлтіріп, кейін үстіндегі киімдерімен көмген.

7 қараша күні Сұлтан Сарсемалиев Атырау қаласы «Дина» базарындағы ломбардтардың біріне Нәсіп Өтешқалиеваның екі алтын сақинасын өткізіп, қаржы алған.

Бұған дейін Жангелдин ауылында бақташы марқұмдардың малын күніне 3 мың теңгеге баққанын жазған едік.

Бұған дейінгі отырыста Атырау қаласында екі мүрде табылған үйдің иесіне жалдау ақысы бейтаныс адамнан түсіп отырғаны белгілі болды.

Жалпы сотқа дейінгі тергеу кезінде күдіктінің 2 адвокаты болған. Қазір Сұлтан Сарсемалиевті біреуі қорғап жатыр. Адвокат Асан Жұмабаев сотталушыны қазір кінәлі деп айтуға ерте екенін мәлімдеген еді.

Күдікті 2024 жылы кәсіпкерлік нысандардың біріне жалдамалы жұмысшы болып, жер қазып, қоқыс шығарған. Сұлтан мен жұмыс берген кәсіпкер бір ықшамауданда тұрған. Ара тұра бір-бірін көргеннен кейін аға-іні болып араласқан. Куә сол кезде Сұлтан Сарсемалиевтің қара жұмысқа икемді, қолы машықтанған, жерді жалғыз өзі қазатын қайратты екенін айтқан.

Бұған дейін негізгі сот отырысында айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев сотта қайынағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана емес, өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін мәлімдеді.

Қылмыстық іске Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина төрелік етіп жатыр.

18 мамыр күні алдын ала сот отырысы өтті.

Сол кезде Сұлтан Сарсемалиев істі алқа билерге беруден бас тартты.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы да, айыпталушы да қылмысқа отбасылық жанжал себеп болғанын айтты.

Тергеу барысында Сұлтан Сарсемалиев Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында өзі қалада жалға алған үйінде өлтіріп, үй іргесіне көміп тастағаны белгілі болған.

Ал қараша айында күдікті бір пышақпен үш адамды өлтірген. Жангелдин ауылына барған кезде ата-енесі Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіріп, сарай ішіне көміп кеткен. Ал Мейрамгүл Қарабалинаны Атырауда уақытша тұрып жатқан үйіне әкеліп, пышақ жарақатын салған. Салдарынан ол да көз жұмды. 

Бұған дейін марқұмдардың қызы мен бауыры есептелетін Ақбаян Мұқағалиеваның адам өлтіру фактісіне қатысы жоқ екені белгілі болды.

Еске салсақ, Жангелдин ауылында тұратын отбасы 2025 жылдың соңына белгісіз жағдайда жоғалып кеткен еді.

6 қаңтарда Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасының екі мүшесінің — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денесі сарайдан табылды.

Кейін олардың денелерінде пышақ іздері бары белгілі болды.

9 қаңтарда Атырау облысында отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиев екені ресми түрде белгілі болды.

Сондай ақ жоғалған отбасы туралы тың деректерді әлеуметтік желі арқылы таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған еді.

Ақпан айының басында күдіктің 5 баласы мемлекет қамқорлығына алынды.

Ақпае айының соңында күдікті мен марқұмдардың жақыны есептелетін Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталды.

Екі күдіктінің шетелде қалай ұсталғаны жөнінде видео жарияланды.

Бірнеше күннен кейін олар Атырау қаласына жеткізілді. 

Кейін полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды. Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген. 

Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.

Ол сот санкциясымен 2 айға қамауға алынған еді.

Сұлтан Сарсемалиевке жүргізілген психикалық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс екені белгілі болды.