Жапония апаттан зардап шеккен Шри-Ланкаға 2,5 млн доллар шұғыл көмек береді

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония үкіметі циклон салдарынан зардап шеккен Шри-Ланкаға 2,5 миллион доллар көлемінде шұғыл қаржылай көмек бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы сейсенбі күні Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотеги мәлімдеді, деп жазды Kyodo.

Жапонияның сыртқы істер министрі Тосимицу Мотеги
Фото: Kyodo

Шұғыл тәртіппен бөлінген грант халықаралық гуманитарлық ұйымдар арқылы көмек көрсетуге, соның ішінде азық-түлік пен басқа да бірінші кезектегі қажетті заттарды жеткізуге жұмсалады. Қараша айының соңында арал мемлекетке соққан циклон салдарынан болған көшкін мен су тасқыны 600-ден астам адамның өмірін қиған.

Баспасөз мәслихатында Мотеги Жапонияның «ежелден келе жатқан досы — Шри-Ланкаға зардап шеккен өңірлерді мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру мен қайта жаңғырту үшін үздіксіз қолдау көрсете беретінін» атап өтті.

Сондай-ақ министр сейсенбі күні таңертең табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетумен айналысқан медициналық бригаданың Шри-Ланкадан елге оралғанын хабарлады. Оның айтуынша, екі апта ішінде жапониялық дәрігерлер 1 250 науқасқа медициналық көмек көрсеткен.

Айта кетейік, Шри-Ланкадағы экстремалды ауа райы салдарынан қаза тапқандар саны 607-ге жетті

Осы қайғылы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шри-Ланка президентіне көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар