Жастар қара жұмыстан қашады – өндіріс басшысы
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жаңабай Бекішев – Қызылордадағы өндіріс жетекшісі. Кезінде «жарты қала» атанған целлюлоза-картон зауытының құрамындағы цехтардың бірінің негізінде құрылған кәсіпорынды басқарады. Өндіріс орны темір бұйымдарын жасаумен айналысады. Kazinform тілшісімен сұхбатта ол өңірде ғана емес, елімізде өндірістің тасы неге өрге домаламайтынын бүкпесіз айтып берді.

– Ең басты проблема – кадр тапшылығы. Біз үнемі дәнекерлеуші, токарь, слесарь, тағы басқа мамандар іздеп, жарнама береміз. Жастардың келуі, келген күннің өзінде тұрақтауы өте қиын. Кәсіптік-техникалық мамандық бойынша жыл сайын қаншама жас оқу бітірсе де, таппаймыз. Тәжірибеден өтуге келген балалардан сұраймын: «Сендер үйренгілерің келмей ме, болашақта өздерің үшін керек емес пе?» деп. Олар жұмыс істегісі келмейтінін, тек мемлекеттен берілетін азын-аулақ шәкіртақыға бола оқып жүргенін ашық айтады. Жастардың көбі білім алуға, жаңа нәрсені үйренуге ықылас танытпайды, тек телефонмен үйден шықпай оп-оңай ақша тапқысы келеді. Жастарды жұмысқа тарту қиын болған соң зауыт жұмысшыларына «балаларыңды ертіп әкеліңдер, сендерге қарап үйренсін, болашақта осы саланың нанын жеуі мүмкін ғой» деймін. Сөйтсем, олар да балаларының қара жұмыстан қашатынын айтып ақталады. Сегіз сағат бойы аяқтан тік тұрып жұмыс істеуге көнгісі келмей ме, қайдам, әйтеуір, адам құтаймайды, - деді кейіпкеріміз.
Жаңабай Бекішевтің механикалық зауытта еңбек етіп келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Жасы жетпіске таяп қалған ол болашақта өзі сияқты мамандардың орнын кім басатынын уайымдайды. 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы ретінде жарияланғанымен өзекті мәселелер шешілмесе, оның маңызы жоқ деп есептейді.

– Жұмысшы маман дайындауға жылда қыруар қаражат бөлінеді. Бірақ біз неге жұмыс істейтін адам таппай әбігерге түсеміз? Қызылорданы өндірістік аймақ деп айта алмаймыз. Мысалы, біздің кәсіпорынның облыста бәсекелесі жоқ. Ендеше, оқу бітірген сонша бала қайда жүр, неге өндіріске келмейді? Жаңа техниканың тілін білетін адамның тапшылығынан зауытта бір адам бірнеше техникада қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Мамандардың алды зейнет жасында, оларды ауыстыратын адам жоқ. Мен де жетпіске келіп қалдым, ертеңгі күні зауыттың жағдайы қалай болатынын, орныма кімді қалдыратынымды да білмеймін, - деді Жаңабай Бекішев.
Кейіпкеріміз өндіріс саласының дамуына қаржының жеткіліксіздігі қолбайлау екенін атап өтті.
– Маған мемлекеттен ештеңе керек емес. Мен мемлекетке салық төлеп, заңын бұзбасам болды. Елімізде бизнес иелеріне тиімді шартпен қаржы беретін банктер болса деген бір ғана тілегіміз бар. Мен мұны барлық кәсіпкердің атынан айтып отырмын. Мысалы, «Даму» қорының 6%-дық мөлшерлемемен несие беретін тетігі болды. Шарт бойынша кәсіпкер несиенің 6%-ын ғана төлейді, қалған бөлігін қор өтеп беретін. Шын мәніне келгенде ол да – кәсіпкерлер үшін емес, банктер үшін ашылған қор. Бізді аяп отырғаны шамалы. Әйтпесе, араға делдал салмай-ақ қаржыны бірден өзімізге бермей ме?! Жеңілдетілген шартпен бергенмен ол былай: бүгін несиені аламын, негізгі борыш пен үстеме ақыны келесі айдан бастап төлеуім керек. Сен аппарат сатып алдың ба, жоқ па, пайдаға шықтың ба, жоқ па, банктің онымен шаруасы жоқ. Мысалы, банктен алған қаржыны Қытайдан станок алуға жұмсаймын делік. Станокты кемі бір жылға жуық уақыт ішінде жасап береді. Оны құрып, іске қосып, пайда көргенше жылдан астам уақыт өтіп кетеді. Сондықтан біздің талабымыз – билік кәсіпкерлерге 2-3%-бен қомақты қаржы, яғни несие беру мүмкіндігін қарастыру керек. Ал алғашқы пайданы көріп, аяққа тұрып кеткенше 1 немесе 2 жыл шамасында кредиттік каникул жарияласа, бұл біз үшін үлкен қолдау болар еді, - деді кәсіпорын жетекшісі.
Елде өндірісті дамытпай экономиканың алға басуы екіталай. Кейіпкеріміз бірақ оған билік мүдделі емес екенін айтты.
– Өйткені жерасты қазба байлығының пайдасы өздеріне жетіп жатыр. Шылқыған байлар өндіріске ақша салуға ынталы емес. Бұл – өте қиын сала, бірден миллиард табам деп ойлау қате. Сондықтан ешкім басын ауыртқысы келмейді. Бұл жерге министр де, депутат та, басқасы да талай келіп, қандай проблема мазалайтынын сұрап кеткен, алайда одан өзгерген ештеңе жоқ. Ұсынысымыз айтылған жерде қалады. Ең қиыны, банктерге жем болып жүрміз, - деді Жаңабай Бекішев.
Жуырда біз Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформацияланып жатқаны, осы жұмыстың негізгі құралдарының бірі – Оқу-ағарту министрлігінің «Talap» КЕАҚ әзірлеген техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының Реестрі екенін жазғанбыз.