«Жайлы мектептердің» ең басты ерекшеліктері қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жайлы мектептердің» ең басты ерекшеліктерін атады.

жайлы мектеп
Фото: gov.kz

— Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жайлы мектептердің жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде салынып отыр. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласын заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жоспарланған. Жайлы мектептердің басты артықшылығы — онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің жасалуы. Бұл мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20 пайызға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық, — деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндеге брифингте.

Сонымен қатар оның айтуынша, мектептерде робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар. Заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Барлық мектеп заманауи жиһаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның барлығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

— Ұлттық жоба аясында салынған мектептерде қауіпсіздік жүйелері күшейтілген. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Мұның барлығы баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына бағытталған. Ұлттық жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілді. Бұл бағытта мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынады, — деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, қарым-қабілетіне қарамастан, кез-келген балаға жағдай жасалған. Оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жеке санитариялық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылған.

— Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуына жол ашады. Білім беру процесінде Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Мектептегі білім беру үдерісі тек оқыту емес, өмірге бейімдеу, жауапкершілік сезімін ояту және қоғамдық сананы дамытуға бағытталған. Бұл мектептерде балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағдыларын дамытуға ерекше мән берілуде. Осы қағидалар Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясын балаларға мектеп қабырғасынан бастап сіңіруді көздейді, — деді ол.

Соңғы жаңалықтар