Жетісай қаласының 55 жылдығына орай 55 жасқа келген 55 азамат өз таңдауын жасады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жалпы қала бойынша 13 дауыс беру учаскесі бар, 45 407 қала тұрғынының 23 685-і дауыс беру құқына ие азаматтар.

Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласының құрылғанына 55 жыл толуына орай 55 жасқа толған 55 азамат дауыс берді.

Жалпы оңтүстік өңірде 1 млн 180 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Облыстағы 945 учаскеде 6 433 байқаушы мен 20 мобильді капитан жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 167 ауылдық елді мекенде тұрғындарды тексеру үшін жылжымалы медициналық пункттер қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ, Түркістан облысында «Отбасымызбен дауыс береміз!» акциясы өтіп жатыр.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады: Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе? Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды.
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.
Сағат 10.00-дегі жағдайы бойынша республиканың 2 млн 178 мың 593 азаматы бюллетенді алған болатын. Ол тізімге енген азаматтардың 17,79 пайызын құрап отыр.