Жыл басынан бері 60,5 млн тонна мұнай экспортталды
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қаңтар-қыркүйек айларындағы отын-энергетикалық кешеннің жай-күйін баяндады.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 75,7 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,2% көрсеткен. Осы жылға жоспар – 96,2 млн тонна.
– 9 айдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты 60,5 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 114,9% құрады. 2025 жылғы жоспар – 70,5 млн тонна. Газ саласы туралы тоқталсақ, есепті кезеңде 51,6 млрд текше метр газ өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,7%. Жыл соңына дейін 62,8 млрд текше метр газ өндіру жоспарланып отыр, – деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сондай-ақ, қаңтар-қыркүйек айларында тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 14,3 млрд текше метр болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 100,4% құрады.
– Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі шамамен 2,3 млн тонна болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 101,1%. Ел аумағы арқылы газ транзитінің көлемі – 53 млрд текше метр, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,9% көрсетті, – деді Е.Ақкенженов.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы талқыланып жатыр.