Жыл басынан елдегі көңіл көтеру орындарын 1,8 мыңға жуық қылмыс жасалды
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов елдегі көңіл көтеру орындарындағы қылмыстың жағдайына қатысты пікір айтты.
– Елдегі әрбір екінші кісі өлтіруді, әрбір үшінші зорлау дерегін және бұзақылықты күдіктілер мас күйінде жасайды. Әрбір төртінші тонау мен жол-көлік оқиғасы мас адамдардың әрекетіне тиесілі. Сонымен қатар, барлық қылмыстың 60 пайызы немесе 1048-і түнде жасалған, - деді С.Әділов Сенатта Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен кездесу кезінде.
Оның айтуынша, мас адамдар жасаған қылмыстың көбеюіне алкогольдің емін-еркін сатылуы, көңіл көтеру орындары иелерінің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, талаптарды орындамағаны үшін қатаң жазаның болмауы және ойын-сауық орындарының түндегі жұмыс уақытының шектелмеуі әсер етіп отыр.
– Биыл көңіл көтеру орындарының талаптарды орындамауы бойынша 42 мың шағым түсті. 11 айдың статистикасына тоқталсақ, 1749 қылмыстық іс тіркелді. Елдегі әрбір төртінші қылмысты адамдар мас күйінде жасаған. Бұл тұрғыда кісі өлтірудің 10 дерегі, денсаулығына зақым келтірудің 579 оқиғасы, зорлық-зомбылық - 8, қарақшылық – 26, сондай-ақ 238 бұзақылық дерегі тіркелген, - деді министрдің орынбасары.
Бұған дейін хабарланғандай, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов көңіл көтеру орындарында ішімдік сату уақытын шектеу қажет екенін айтты.