Жылдың төрт мезгілін сезінуге болады — Қазақстанға келетін араб туристері көбейіп келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Таяу Шығыс саяхатшылары үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Орналастыру орындары бойынша деректерге сүйенсек, өткен жылы Парсы шығанағы елдерінен келген туристер қатары 53% көбейді, деп хабарлайды Kazakh Tourism ұлттық компаниясы.

Қазақстан мен Сауд Арабиясы архив саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұл процесті қолдау және қызығушылықты арттыру мақсатында өңірдің ірі туроператорларымен ынтымақтастық күшейтіліп жатыр.

Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі туроператорлары Алматы қаласы мен Алматы облысының табиғи және мәдени мұрасымен танысып, этноауыл, Oi Qaragai және Шымбұлақ тау курорттарын, «Шарын» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерін аралады.

Меймандар жазда жайлы демалыс іздейтін БАӘ туристері үшін Қазақстанның ауа райы мен табиғаты ерекше тартымды екенін атап өтті.

— Мен бір сапардың өзінде жылдың төрт мезгілін сезіндім. Қалада — жаз бен ыстық, тауда — қар, ал облыста — жаңбыр мен көктемгі көңіл-күй. Бұл — нағыз сиқыр болды, — деп өз әсерімен бөлісті Манси Шарма Датта.

БАӘ-ден келген туроператорлар қазақтың ұлттық тағамдары мен қонақжайлығына жоғары баға берді. Олар еліміздегі белсенді демалыс, экотуризм және отбасылық бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса назар аударып отыр.

Сапар соңында Алматы қаласында B2B кездесулер өтіп, 20-дан астам қазақстандық туроператорлар араб әріптестерімен туристік өнімдерді ілгерілету және ұзақмерзімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Бұл Қазақстанның БАӘ мен Парсы шығанағы елдерінен келетін саяхатшылар үшін тартымдылығын арттырады.

Қазақстанға сапар нәтижесінде БАӘ туроператорлары өз клиенттеріне ұсынатын турпакеттерді кеңейте алады.

Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында Шымбұлақ, Ой-Қарағай, Пионер, Қимасар және Бутаковкаға кіретін орталық аймақты дамыту жоспарымен танысқан еді.

Соңғы жаңалықтар