Жылыту маусымы: елорданың тұрғын үй секторында 60 рейд өткізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Жылыту маусымы басталғалы бері қаланың тұрғын үй секторында 12 өрт тіркелген, деп хабарлайды Астана қаласының әкімдігі.

Астана ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 28 қыркүйекте жылыту маусымы басталғаннан бері елорданың тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу жағдайларын анықтау және алдын алу бойынша 60 рейдтік іс-шара өткізілді.
— Іс-шара барысында 31 мың жеке тұрғын үй қамтылды, оның ішінде 4 437-і үй-аулаларды аралау жолымен жүзеге асырылды. Аралау кезінде 8 000-ға жуық өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі анықталды, — делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта қала бойынша ТЖД есебінде халықтың әлеуметтік осал топтары бойынша 1 738 отбасы тіркеліп тұр, оның ішінде 704 отбасы жеке үйлерде тұрады. Олардың барлығы профилактикалық түсіндіру жұмыстарымен толық қамтылған, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін тиісті органдарға хаттар жолданды.
Соңғы төрт жылда 3 000-нан астам датчик орнатылды, ал ағымдағы жылы аудандық әкімдіктермен бірлесе отырып халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 233 отбасы үйлерінде көміртегі тотығы датчиктері орнатылды.
Сонымен қатар, бірқатар үйде пештер мен электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
Бұдан бұрын Астанада қонақүй өртеніп, 60 адам эвакуацияланғаны туралы жазған едік.