Жылжымайтын мүлік объектілеріне мекенжай беру ережесі өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2025 жылғы 22 шілдеден бастап «Жылжымайтын мүлік объектісіне мекенжай беру/жою» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді. 

Алматы, цветы, жилой дом, гүлдер, үйлер
Фото: Александр Павский / Kazinform

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мәлімдеуінше, ережедегі негізгі жаңашылдықтың бірі — мемлекеттік қызмет нәтижесін ұсыну форматының өзгеруі. 

Бұрын тек мекенжайды беру немесе жою фактісін растау керек болса, енді азаматтарға мекенжай берілгені туралы ресми хабарлама-хат немесе дәлелді бас тарту жолданады. 

Сондай-ақ қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болатын себептердің тізбесі кеңейтілді. Бұған дейін бұл тек екі жағдайда, яғни ұсынылған құжаттың шынайы болмауы немесе талаптарға сай келмеуі кезінде ғана мүмкін еді. Енді мұндай негіздердің саны беске дейін ұлғайтылды. 

Қолданыстағы ережеден бөлек, келесідей себептер қосылды:

— заңды күшіне енген сот шешімімен қызметті жүзеге асыруға тыйым салынуы;
— сот шешімімен өтініш берушіні арнайы құқықтан айыру;
— жеке деректерді өңдеуге келісімнің болмауы.

Аталған өзгерістер азаматтар үшін, мемлекеттік қызметті алу процесін барынша ашық әрі құқықтық жағынан нақты етуге бағытталғаны айтылды. 

Еске салайық, елімізде жылжымайтын мүлікті алып-сатуды онлайн рәсімдеуге болады

Сондай-ақ жыл басында елдегі жылжымайтын мүлікті сақтандыру құнына шолу жасаған едік. 

Соңғы жаңалықтар