Жол, мектеп, бюджет: мәслихат сайлауы нені өзгертеді?

АСТАНА. KAZINFORM – 29 қарашада Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Саяси науқан елдегі ауқымды өзгерістерге тұспа-тұс келіп тұр. Осы орайда жергілікті мәслихаттар халықтың көкейіндегі мәселені шешудің нақты құралына айнала ала ма? Депутаттардан не күтеміз? Kazinform агенттігінің тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.

Мәслихат сайлауы: Қазақстанда 10 971 кандидат тіркелді
Фото: Kazinform

Өңірдегі саяси өмір 

Жергілікті мәслихаттар саяси жүйеде айрықша мәнге ие. Өйткені тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін шешімнің көбі мәслихат ұстанымына тәуелді. Олардың қатарында бюджет, әлеуметтік нысандар құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызметтер, елді мекендерді абаттандыру бар. Сондықтан алдағы сайлау – тек партиялар тартысы емес, сонымен қатар халықпен жұмыс істеу тәсілін қайта қарауға берілген мүмкіндік.

Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Абдулла Төкенов кезектен тыс сайлаудың өтуіне екі негізгі фактор себеп болды деген пікірде.

От дорог до бюджета: почему выборы в маслихаты важны для Казахстана
Фото: Kazinform

– Біріншісі, жергілікті мәслихаттарды, жалпы саяси жүйені жаңарту жүзеге асуда. Жыл басынан бері жаңа Ата заң қабылданып, бір палаталы Парламент – Құрылтай құрылды, жаңа саяси институттар пайда болды. Демек, ауқымды саяси реформа жүріп жатыр. 

Бұл орайда мәслихат депутаттарының орны ерекше. Өйткені аймақтардағы депутаттар халықпен тікелей байланыс орнатады әрі өңірдің мәселесін жақсы біледі, ахуалымен таныс. Сондықтан алдағы сайлау саяси өзгерістің маңызды бөлігіне айналады, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, екінші фактор партия өкілдердін жаңартумен байланысты. Алдыңғы шақырылым депутаттарының басым бөлігі бұрынғы саяси партиядан сайланған. Облыстық және қалалық деңгейдегі мәслихаттарда бұл партияның үлесі 70 пайызға жуық болған.

– Кезектен тыс сайлау мәслихаттардың партиялық құрамын жаңа саяси ахуалға бейімдеуге мүмкіндік береді. Оған қоса жергілікті деңгейде жаңа құрамды қалыптастыруға жол ашады, – деп есептейді Абдулла Төкенов.

11 мыңға жуық кандидат: бәсеке бола ма?

2 қарашада Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Жиында жарияланған мәліметке сәйкес, мәслихат депутаттығына 10 971 үміткер тіркелген. 20 өңірде партиялық тізім бойынша 99 тізім ұсынылып, оған 1 219 адам енгізілген. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың үлесі 43,2 пайызды құрайды.

Бірмандатты 3 113 сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелген. Орта есеппен бір депутаттық мандатқа үш адам үміткер.

Аралас сайлау жүйесі кезінде депутаттық мандат үшін саяси партиялар да, бірмандатты округтер бойынша ұсынылған кандидаттар да бәсекеге түсе алады. Облыстық деңгейде және республикалық маңызы бар қалалар мен елордада депутаттардың бір бөлігі партиялық тізім бойынша, қалғаны бірмандатты округтер арқылы сайланады. Ал аудандық деңгейде сайлау тек бірмандатты округтер бойынша өтеді.

Сайлау науқаны басталды

Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы 1 қараша күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 28 қараша күні түн ортасына дейін жалғасады. Осы кезеңде үміткерлер мен саяси партиялар бағдарламасын таныстырып, басым бағыттын баяндауы тиіс және сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік беріледі. Ал дауыс беруге бір күн қалғанда, яғни 28 қарашада үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатын тыныштық күні жарияланады.

Осылайша, науқанға қатысушыларға сайлаушылардың сеніміне ие болуға бір айға жуық уақыт берілген. Алайда бәсеке қызған шақта ақпараттық қадам ғана емес, ұсынылатын бағдарлама мазмұны басты орынға шығуы мүмкін.

Мәслихаттар мерзімінен бұрын таратылады: әкімдіктердің жұмысы тоқтай ма
Фото: Kazinform\ЖИ

– Бұл сайлау партиялар мен үміткерлер үшін үлкен сынақ. Саяси науқан соңында олардың өңірлермен қаншалықты таныс екенін, қаншалықты жергілікті тұрғындардың сеніміне ие болған білеміз. Себебі тұрғындар партия өкілінің нақты жұмыс істеп, күнделікті мәселені шешкенін қалайды. Сондықтан партиялардың халықпен байланысын, сұраныс пен қолдау деңгейін дауыс беру нәтижесі көрсетеді, – деп түсіндірді Абдулла Төкенов.

Мәслихат міндеті

Астана қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты Нұрлан Өтешевтің сөзінше, алдыңғы шақырылым депутаттары қала тұрғындары үшін маңызды бірқатар бастаманы жүзеге асырған. Ең маңызды шешімнің қатарында елорданы ауызсумен қамтамасыз ету және №3 жаңа сүзгі станциясын іске қосу жобасы бар. Бұл шешім шаһарды сумен қамтамасыз мәселесін күнібұрын реттеуге мүмкіндік беріпті.

Сонымен қатар депутаттар «Нұржол» гүлзары маңы, «Керуен» сауда орталығы мен «Солтүстік шұғыла» тұрғын үй кешенінің арасындағы қоғамдық кеңістікті сақтап қалған.

– Бұл аумақ ұзақ уақыт бойы бос жатты. Жергілікті атқарушы органдар оны сату туралы шешімді мәслихат арқылы өткізуге тырысты. Біз мұны байқап, тоқтаттық және әкімге жерді сатпай, қоғамдық кеңістік ретінде қалдыру туралы ұсыныспен депутаттық сауал жолдадық. Қазір ол жерде тұрғындар көп жиналатын тамаша алаң бар, – деді Нұрлан Өтешев.

Оның пікірінше, депутаттың жұмысының шешім қабылдаумен шектелмейді, Сол шешімнің іс жүзінде орындалуына әрекет етуі өзекті.

– Жаңа мәслихат шақырылымы бұған дейін қабылданған шешімдердің күшін жоймайды. Жаңа депутаттар оларды қайта қарау немесе күшін жою туралы шешім қабылдағанға дейін бұрынғы жұмыс толық орындалуы тиіс, – дейді Нұрлан Өтешев.

Депутаттардың жұмысында не өзгеруі керек?

Сарапшы Абдулла Төкенов мәслихаттың негізгі миссиясы қандай екенін түсіндірді.

– Мәслихаттың басты міндеті – мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы жергілікті халықтың мүддесін қорғау. Жүйе аймақтардың даму жолын айқындауға, бюджеттік шешімді түзетуге, қаражаттың тұрғындар үшін ең өзекті салаға бағытталуына ықпал етуге тиіс, – деп атап өтті сарапшы.

маслихат
Фото: Мухтар Холдорбеков/Kazinform

Оның пайымдауынша, келер жылы, яғни «Халықтық құрылыс жылы» мәслихаттардың маңызы артпақ. Өңірлерде мектеп, аурухана, мәдени мекеме секілді 100-ден астам нысан салу жоспарланған. Жоспар орындау кезінде мәслихат депутаттарының ұстанымы ескеріледі. Сондай-ақ жол мен өзге де инфрақұрылымдарды дамыту кезінде депуаттар көзқарасы шешуші рөл атқарады.

– Мәслихат депутаттары бұл үдеріске белсенді қатысып, құрылыс сапасын, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауы тиіс. Жаңа Бюджет кодексі аясында өңірлерге кіріс базасын қалыптастыру, бюджет қаражатын басқару бойынша қосымша мүмкіндіктер берілген. Осылаша, мәслихаттар бюджет басымдығын айқындап, оларды іске асыру нәтижесіне жауапты болады, – деп атап өтті Абдулла Төкенов.

Сайлаушылар белсенділігі: үміткер халықтың қалай қызықтырады?

Алдағы науқанда азаматтардың дауыс беруге қатысуы қай деңгейде болатыны белгісіз. Абдулла Төкенов бағалауынша, сайлаушылардың белсенділігі үміткерлер халық сұранысын қаншалықты дөп баса алатынына байланысты.

– Ел аумағы ауқымды. Әр өңірдің, қаланың, тіпті ауданның өзіндік ерекшелігі бар. Соған сәйкес, тұрғындардың сұранысы да әртүрлі. Үміткерлер ауыл-аймақтағы мәселені жақсы түсініп, сайлаушыларға күнделікті олқылықтан хабардар екенін дәлелдеуі шарт. Түсіну жеткіліксіз, нақты шешу жолын ұсынуы керек. Сонда ғана дауыс берушілер саны артуы ықтимал, – дейді спикер.

Саяси науқанда медиа кеңістікті ескермеске болмайды. Халықтың басым бөлігі сайлау барысын теледидар мен әлеуметтік желілер арқылы бақылайды.

– Үміткерлер түсінікті әрі қызықты бағдарлама әзірлеуі керек. Оны әлеуметтік желілердің алгоритмін сай өз аудиториясына сауатты жеткізе білу маңызды. Сондай-ақ дебаттар арқылы ұсынған шешімдерді дәлелдеп, біліктілігін көрсетіп, сайлаушыларды бағдарламаның тиімділігіне сендіре алуы қажет, – деп түйіндеді Абдулла Төкенов.

Сенімнің өлшемі қандай?

Нұрлан Өтешевтің пікірінше, депутат жұмысының тиімділігін айқындайтын басты көрсеткіш – халықтың сенімі.

Нұрлан Өтешевтің жеке архивінен

 – Тұрғындар депутатты қарапайым тәсілмен бағалайды: халық қалаулысы күнделікті кезігетін мәселені шешуге тікелей араласуы шарт. Бұған қоса қабылдау күнінің саны, өтініштер мен депутаттық сауалдар арқылы да бағаланып жатады. Мұның бәрі жұмыс нәтижесі нақты өлшеуге мүмкіндік береді. Алайда ең басты көрсеткіш депутатқа деген сенім деңгейі деп ойлаймын, – деді ол.

Бұл ұстаным халықтың үміткерлерге қойған жаңа талабын ашып көрсетті. Енді тұрғындар депутаттарды мәслихат отырысындағы сөзі арқылы бағаламайды. Бұқараға нақты нәтиже керек. Атап айтқанда, абаттандыру, сапалы жолдар салу, әлеуметтік нысандарды көбейту, коммуналдық мәселелердің шешу негізгі сенім өлшемі болады деген сөз. Мұның сыртында халық мүддесін қорғауы сынды маңызды міндет тұр.

Мәслихат депутаты болу үшін қандай талап бар?

Қазақстан заңнамасына сәйкес, 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Депутаттар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.

Сонымен қатар заңнамада бірқатар шектеу қарастырылған. Атап айтқанда, төмендегі санаттағы тұрғындар мәслихат депутаты бола алмайды:

* сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азамат;

* бас бостандығынан айыру орындарында отырған адам;

* заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;

* сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адам.

Партиялық тізім бойынша үміткерлерді саяси партиялар ұсынады. Ал бірмандатты сайлау округтері бойынша кандидат ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге берілген. Азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен де үміткерлер тізіміне ене алады.

Алдағы сайлау саяси реформаның тірегі болатыны айқын. Партиялар мен депутаттар саяси жүйеге қаншалықты бейімделе алатынын, халықпен тығыз байланыс орнатуға қабілетті екенін көрсететін кез келді. Бастысы, сайлау нәтижесі кімнің депутаттық мандатқа ие болғанымен өлшенбейді. Мәслихаттардың жаңа құрамы саяси жаңаруды жергілікті деңгейде үйлестіре ала ма – негізгі көрсеткіш осы.

Бұған дейін мәслихат депутаттарының сайлауына қандай партиялар қатысатынын жаздық.

Мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы туралы өзекті жаңалықтарды осы жерден оқи аласыз.