Жолдағы автокөліктердің салмағын өлшейтін станцияларға бейнекамера орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жол бойындағы автоматтандырылған салмақ өлшеу станциялары бейнекамерамен жабдықталады.

Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған.
— 2025 жылғы 27 мамырда Көлік министрлігінің бұйрығымен (№ 168) автоматтандырылған салмақ өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларына станцияларды бейнекамерамен жабдықтауға қатысты өзгерістер енгізілді (вандализм фактілерін азайту мақсатында). Бейнебақылаумен қамту жұмысын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және жергілікті атқарушы органдар жүргізеді, — делінген Үкімет басшысының жауабында.
Сондай-ақ, сауал жауабында аталған объектілерді тәулік бойы күзетпен қамту едәуір қаржы талап ететіні айтылған. Атап айтқанда, жұмысшылардың еңбекақысы, техникалық және санитарлық-гигиеналық талаптарға сай ғимарат салу, тағы басқа шығындар кіреді.
— Бұл объектілерді күзетуді Ішкі істер министрлігінің қарамағына беру орынсыз деп санаймыз, себебі ішкі істер органдарының негізгі міндеті — қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күрес, — деді ол.
Одан бөлек, Премьер-министрдің жауабында автожолда орнатылған автоматтандырылған салмақ өлшеу станциясы Көлік министрлігінің көлік деректері базасының ақпараттық-талдамалық жүйесімен біріктірілген. Бұл жүйе жұмысы туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде алуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін еліміздегі автожолдардың сапасын бақылау үшін 220 автожүйе орнатылатыны туралы хабарлаған едік.