Ақтөбеде жол-көлік оқиғасы кезінде жабылған бағытта қатынас қайта жанданды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жол үш сағатқа уақытша жабылды. Қазіргі кезде жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат берілді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ы таратқан мәліметке сүйенсек, Хромтау мен Қарабұтақ арасында жеңіл көліктер жүре бастады.
— Жол сағат 12:30–да ашылды. Республикалық маңызы бар «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» автожолының 844-965 шақырым аралығындағы (Хромтау қаласы мен Қарабұтақ ауылы арасы-ред.) учаскесінде жеңіл көліктер үшін қозғалыс ашылды. 1403 байланыс орталығына хабарласып, тәулік бойы қосымша ақпарат алуға болады, — деп мәлімет таратты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ы.
Еске салсақ, жол бүгін сағат 09:40–та жабылды. Себебі бұл жолда полицияның тергеу тобы жұмыс істеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапқан еді.
Жол апатынан аман қалған үш адамның жағдайы ауыр, екеуінің жағдайы орташа.
Сондай-ақ ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді.