Ауылдарға интернет, елге жаңа спутник: Үкімет телекоммуникация саласын талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысы өтеді. Алқалы жиынның күн тәртібіне телекоммуникация саласын дамыту мәселесі шығарылып отыр.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, елімізде 6 179 ауылдық елді мекеннің 2 606-сына қазірдің өзінде ұзындығы 120 мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған. 2026 жылдың соңына дейін интернетке қосылу деңгейін 90%-ға жеткізіп, тағы 3 мың ауылды қамту жоспарланған.

Шалғай және қатынау қиын аумақтарды байланыспен қамту үшін спутниктік технологиялар қолданылады. Соның арқасында жерүсті инфрақұрылымын салу қиын елді мекендер де интернетке қол жеткізіп отыр. Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңейту, «Соңғы миль» жобасын іске асыру, 5G желісін дамыту, автожолдарды мобильді байланыспен қамту және заманауи спутниктік шешімдерді енгізу сияқты негізгі жобаларды жүзеге асыру арқылы инфрақұрылымды дамыту қамтамасыз етіліп жатыр.

Жалпы, телекоммуникация саласы соңғы бес жылда орнықты өсім көрсетіп отыр. Байланыс нарығында бүгінде бәсекелестік белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде операторларды жаңа қызмет түрлерін ұсынуға және олардың сапасын арттыруға ынталандырып отыр. Саланың дамуына серпін беру үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Ол 2027 жылға қарай елімізді байланыс желілерімен және ең кемі секундына 100 Мбит болатын жылдамдығы жоғары интернетпен 100% қамтуға мүмкіндік береді.

Биыл шілдеде Мемлекет басшысының ұлттық цифрлық инфрақұрылымды дамыту және азаматтарды заманауи телекоммуникациялық қызметтермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет резервінен KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасын жүзеге асыруға 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба ұлттық спутниктік байланыс жүйесі мен телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған.

Фото: «РҒБО» АҚ

Бөлінген қаражат қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастыратын жаңа KazSat-3R спутниктік байланыс жүйесін жасауға жұмсалады. KazSat-3-тің жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа аппарат ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесін талқыланды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша баяндама жасаған Ерсайын Нағаспаевтың дерегінше, 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Салаға серпін беретін маңызды бағыттардың бірі – жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 5,5 мың жұмыс орны ауылдық жерлерде құрылады. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады. Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңге болатын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалып жатыр.

Сонымен қатар ол елімізде отандық өндірісті дамыту аясында мыс балқыту зауыттарын салу, автомобиль және теміржол машина жасау салаларында өндірістік кластерлер құру, сондай-ақ құрылыс материалдарының ішкі нарықтағы үлесін 80 пайызға дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты.

Фото: Gov.kz

Алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесі 80 пайызға дейін жеткізілетінін атап өтті.

- Басты мақсат – алдағы үш жылда ауқымды құрылыс жұмыстары аясында ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80%-ға дейін жеткізу. Министрлік Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау барысында отандық өнеркәсіптің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді дамытуға және қазақстандық тауарлардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын шараларды жүйелі түрде іске асыруды жалғастырады, - деді ол.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл ескірген ауыл шаруашылығы техникасының үлесі 60 пайызға дейін төмендегенін атап өтті.

- Биыл 10 айда лизинг арқылы сатып алынған комбайндар көлемі 21%-ға, ал трактор саны 16%-ға өсті. Ең маңыздысы, сатып алынатын техниканың 95%-ы отанымызда өндірілген. Бұл отандық зауыттардың жұмысына да оң әсерін тигізіп жатыр. Агромашхолдинг компаниясы 10 айда 1 233 трактор шығарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. «Казрост Инжиниринг» кәсіпорны 262 комбайн шығарды. Бұл 2025 жылдың көрсеткішінен 72% көп, - деді министр.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазақстандық өндірушілерді қолдау мақсатында сатып алу тетіктері жетілдіріліп, мұнай-газ жобаларында елішілік құндылық үлесіне қойылатын талаптар күшейтілетінін айтты. Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин екі жыл ішінде Қазақстанның IT қызметтер экспорты екі еседен астам өсіп, жалпы құны 1,1 млрд доллардан асқанына тоқталды.

– Биыл тоғыз айда резиденттер 317 млрд теңгеге экспорт жасады. Бұл шикізаттық емес экспортқа оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын білдіреді. Демек, нақты нәтиже бар. Стартапқа акселерация, қаржы, шетел нарығына шығу секілді әр кезеңде қолдау көрсетеміз, – деді Ростислав Коняшкин.

Фото: Kazinform/ЖИ

Талқыланған тақырыпты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашып, отандық өндірістің дамуына елеулі серпін беретінін айрықша атап өтті.

- Бүгінде қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Енді осы қуаттарды «Халықтық құрылыс» бағдарламасының жобаларына барынша жұмылдырып, материалдар мен жабдықтар өндірісін кеңейту қажет болатын бағыттарды алдын ала айқындап алу керек, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Олжас Бектенов сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жоюды ерекше тапсырды. Ал Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық тасымалдар үшін отандық жүк техникасына сұранысты ынталандыру, оның ішінде жеңілдікпен лизингті кеңейту жөнінде шаралар қабылдауды жүктеді.

- Жалпы қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, олар ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек. Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз oны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді деп айту керек. Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер, - деді Олжас Бектенов.