Барлық ірі мердігерлер мен олардың артында кім тұрғанын білеміз - Антикор жол құрылысындағы жемқорлық жөнінде

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мемлекет басшысының бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


«Біз барлық ірі мердігерлерді және олардың артында тұрғандарды білеміз. Республикалық және жергілікті жолдарды салу кезінде анық қателіктер туралы ақпарат бар. Басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп бұл мәселеде тәртіп орнатамыз. Бұл ретте адал бизнестің жұмысына араласуға жол беруге болмайды «, - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов қызметтің орталық аппараты мен аумақтық органдарының жеке құрамымен өткізген кеңесте.

Кеңесте бүгінгі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Антикор басшысы барлық бөлімше жетекшілеріне жол құрылысы мәселесі бойынша дереу егжей-тегжейлі ақпарат беруді тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының баға белгілеуді бақылау, білім беру және денсаулық сақтау салаларында жаңа ұлттық жобаларды әзірлеу мәселелеріне қатысты тапсырмалары талқыланды.

«Президент мемлекеттік органдардың елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тиімді жұмысының жеткіліксіздігіне байланысты қатаң сын айтты. Мемлекет басшысы айтқан кемшіліктердің бірі – жемқорлық», - деді Олжас Бектенов.

Еске салсақ, Президент бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол сапасының нашар болғаны үшін жауаптылардың бәрін жазаға тарту керектігін айтты.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құру қажеттігіне тоқталды.

Ірі компаниялар жол салу тендерлерін ұтып алып, жұмысты мердігерге ысыра салатыны да айтылды.

Президент: «Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды», - деді.

Сонымен қатар, Үкіметке жол құрылысына қажетті ресурстарды өндіру және тұтыну барысын мұқият саралау тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар