Бишімбаев ісі: Бүгінгі куәгерлер не деді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбавқа қатысты сот процесінде тың деректер айтылды.

Фото: сот трансляциясынан алынған скрин

Бүгін куәгерлер көзбен көргенін айтып, прокурор мен адвокаттардың сауалдарына жауап берді.

  • Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Салтанат Нүкенованың өліміне себеп болған басты жарақаттарды манекенге сызып көрсетіп, марқұмның мойнында қылғындыру белгілері бар екенін айтты.
  • «Bau» мейрамханасының әкімшісі Бишімбаев пен Нүкенова арасында бұған дейін жанжал болғанын айтып, тіпті жиһаздар сынғанын мәлімдеді.
  • Салтанат Нүкенованың құрбысы Аида Ахмедина олардың арасындағы қарым-қатынас жайлы аз білмейтінін алға тартты. Оның айтуынша, бірде Салтанат хабарласып, Бишімбаевтың ұрып-соққанын, адвокат іздегенін хабарлаған. Тіпті, Қуандық Бишімбаев Салтанатты жалаңаш күйде видео түсіруге мәжбүрлегені де айтылды.

Сот процесі ертең жалғасады.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты.

Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді.

11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті.

Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.

27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.

29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керіс қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген суретті көрсетті.

1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.

Кешегі сот отырысында Қуандық Бишімбаев «Салтанаттың өлімінде өз кінәм бар екенін мойындаймын, ұрып-соққаным рас» деп мәлімдеді.