Жексенбі күні Иорданияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер Құрылтай сайлауына қатысу үшін Аммандағы Қазақстан елшілігі жанындағы сайлау учаскесіне барды.
Дауыс бергендердің бірі — Иорданияға оқуға келгеніне бір айға жуық уақыт болған Ақниет есімді қыз болды.
— Менің есімім — Ақниет. Иорданияда білім алып жатқаныма бір айға жуықтады. Бүгін сайлауға келіп, саяси партиялардың біріне дауыс бердім. Менің таңдауым Қазақстанның болашағына өз үлесін қосады деп үміттенемін, — деді студент.
Сайлауға қатысқандардың арасында Иорданиядағы Ислам ғылымдары университетінде бакалавриатта білім алып жатқан Қазыбек Назыр да бар. Оның айтуынша, сайлауға қатысу — азаматтың құқығы ғана емес, жауапкершілігі де саналады.
— Құрылтай сайлауы өте маңызды оқиға деп санаймын. Ал дауыс беруге қатысу — әрбір қазақстандықтың ел алдындағы міндеті әрі жауапкершілігі. Бұл сайлау маңызды шешімдердің қабылдануына және болашақта елімізде оң өзгерістердің жүзеге асуына ықпал етеді деп ойлаймын, — деді Қазыбек Назыр.
Иорданияда түрлі мамандықтар бойынша жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер бар. Аммандағы сайлау учаскесінде дауыс беру мүмкіндігі олардың Қазақстаннан тыс жерде жүріп-ақ сайлауға қатысуына мүмкіндік берді.
Бұған дейін Құрылтай сайлауында Иорданияда, сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінде дауыс беру өтіп жатқаны хабарланған.
Қазір Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру аяқталды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де ел аумағындағы сайлау учаскелері жабылып, комиссиялар дауыстарды санауға кірісті.
20:00-дегі жағдай бойынша Құрылтай депутаттарын сайлауында дауыс берушілер тізіміне енгізілген 9 млн 350 мыңнан астам сайлаушы дауыс берді.
ІІМ мәліметінше, бірде-бір сайлау учаскесінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактісі тіркелмеді.
Ал Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес бюллетень суретін желіге жариялаған 7 азаматқа айыппұл салынды.