Рейтингіні қалыптастыру кезінде экономикалық және саяси ықпал, көшбасшылық әлеуеті, халықаралық одақтары мен әскери қуаты ескерілді.
Қазақстан Орталық Азия елдері арасында тізімнің алғашқы жартысына енген жалғыз мемлекет болды. Посткеңестік елдер арасында Ресейден (11-орын) ғана кейін, ал Украинадан (51-орын), Беларусь елінен (57-орын), Өзбекстаннан (71-орын), Латвиядан (74-орын), Эстониядан (75-орын), Армениядан (80-орын) және Грузиядан (91-орын) көш ілгері тұр. Рейтингінің алғашқы үш орнын Қытай, АҚШ және Үндістан иеленді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан экономикалық әлеуетін жүйелі түрде нығайтып келеді. Мұны нақты көрсеткіштер де растайды. Соңғы бес жылда, яғни 2021–2025 жылдары, елге тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны $114 179,2 млн-ды құрады. Ал 2019–2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш $155 771,2 млн-ға жетті. 2025 жылдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса есептегендегі елдің халықаралық резервтері $129,3 млрд-ты құрады. Бұл соңғы бес жылда 37%-ға, ал жеті жылда 45,4%-ға өскенін көрсетеді. Алтын-валюта резервтері $70,6 млрд-қа жетіп, бес жылда 91,7%-ға артты.
Халықаралық рейтинг агенттіктері де отандық экономиканың орнықтылығын растап отыр. S& P Global Ratings агенттігі 2026 жылы Қазақстанның тәуелсіз несиелік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтеріп, болжамын «тұрақты» деп белгіледі. Агенттік ел экономикасының сыртқы факторлар әсеріне төтеп беру және резервтерінің жеткілікті деңігейде екенін атап өтті.
Moody’s агенттігі Қазақстанның рейтингін «Baa1» деңгейінде, болжамын «тұрақты» күйінде сақтап, мемлекеттік борыштың төмен деңгейі мен орнықты фискалдық жағдайын көрсетті.
Шетелдік сарапшылар еліміз Орталық Азияның негізгі сауда локомотиві болып қала беретінін атап өтіп отыр. 2025 жылы Қазақстанның үлесіне өңір елдерінің жиынтық тауар айналымының шамамен 51%-ы немесе жалпы $281,4 млрд-тан $143,9 млрд тиесілі болды, бұл Орталық Азиядағы тауарларды сатып алу-сатудың әрбір екінші мәмілесі Қазақстан арқылы өтетінін білдіреді.
Экспортқа қатысты жағдай одан да айқын. Мәселен, $139,9 млрд-тық өңірлік экспорттың $79 млрд-ын немесе шамамен 57%-ын Астана қамтамасыз етті. Қарапайым сөзбен айтқанда, Орталық Азияның әлемге сататын барлық тауарының жартысынан көбі бір елден шығады. Мұндай басымдық экономиканың ауқымымен ғана емес, дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымның, ірі экспорттық маршруттардың және жеткізілімдердің мұнай мен металдардан бастап ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңдеу өнеркәсібі тауарларына дейінгі әртараптандырылған құрылымының болуымен байланысты.
Бұдан бұрын Қазақстан бір жыл ішінде жаһандық инвестициялық рейтингте 17 сатыға жоғарылағанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қазақстан экономикалық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде ТМД елдерін басып озғаны хабарланды.