Нүкенованы қылқындыру белгілері бар - сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Салтанаттың өліміне себеп болған бас жарақаттарын тізбектеп берді.
Ол марқұмның бет-жүзінде болған жарақаттарды манекенге салып көрсетті. Сарапшы бұл жарақаттар өзге адамның қолынан пайда болғанын айтты.
– Есі сау адам өздігінен мұндай жарақат алмайды. Биіктен құласа бір жөн, жерде тұрған адам басын жерге соғып, мұндай зақым ала алмайды, - деді ол.
Сарапшы Нүкенованың мойнында қылғындыру белгілері бар болғанын атап өтті.
«Оны соққылардан кейін қылқындырған ба?» - деп сұрады судья Айжан Көлбаева.
Халимназаров «иә» деп жауап берді.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты.
Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.
1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді.
11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті.
Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.
27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.
29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керіс қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген суретті көрсетті.
1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.
Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.