Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймахан үкім алдында соңғы сөзін айтты

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сотталушы Шерхан Аймахан соңғы сөзін айтты.

Фото: Kazinform

Сотталушы марқұмның отбасынан кешірім сұрап, сарапшылардың қорытындысымен келіспейтінін тағы да мәлімдеді. Сондай-ақ ол бейнежазбада тіркелген уақыт аралығында 35 пышақ жарақатын қысқа уақыт ішінде салуды «физикалық тұрғыдан мүмкін емес» деп санайтынын айтты.

Аймахан сөзін Нұрайдың ата-анасы мен ағаларына көңіл айтудан бастады. Ол қызды жақсы көргенін және болған жағдайға өкінетінін жеткізді.

Фото: Kazinform

– Мен Нұрайды қатты жақсы көрдім, оған деген сезімім шынайы болды. Оның ата-анасына көңіл айтамын және шын жүрегіммен өкінемін. Нұрайдың әкесі, анасы және екі ағасынан кешірім сұраймын, – деді Шерхан Аймахан.

Сотталушы жәбірленуші тарап талап еткен 15 млн 739 мың 65 теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге дайын екенін айтты. Ал 10 млрд теңге көлеміндегі моральдық өтемақы төлеу талабымен келіспеді.

– Материалдық шығынды толық мойныма аламын және болашақта жұмыс істеп, оны өтеуге дайынмын. Ал 10 млрд теңге көлеміндегі моральдық өтемақыны мойындамаймын. Болған жағдайға қатты өкінемін және бұл өкініш менімен өмір бойы бірге болады, – деді Аймахан.

Сотталушы соңғы сөзінің басым бөлігін Нұраймен трагедияға дейінгі қарым-қатынасына арнады. Шерхан Аймахан олардың арасында өзара сезім болғанын, үнемі кездесіп тұрғанын, отбасын құру туралы сөйлескенін және қыз Алматыға оқуға кеткеннен кейін де байланыста болғанын тағы да айтты.

Аймахан сондай-ақ 2025 жылдың қазан айында Нұрайдың Алматыдан Шымкентке онымен бірге өз еркімен баруға келіскенін алға тартты. Ол өз нұсқасына дәлел ретінде жол бойындағы аялдамаларды, қыздың телефонын пайдалана алғанын және көмек сұрау мүмкіндігі болғанын келтірді.

Бұл нұсқаны бұған дейін жәбірленуші тарап пен айыптау тарапы жоққа шығарған. Сотта Нұрайдың мәлімдемелері, хат алмасулары, бейнежазбалар және 2025 жылдың қазан айындағы оқиғаларға қатысты басқа да материалдар зерттелді.

Нұраймен қоштасу үшін барғанмын – сотталушы

11 қаңтардағы оқиғалар туралы айта келе, Аймахан Нұраймен кездесуді соңғы рет жүздесу ретінде жоспарлағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол қызға өзінде қалған сақинаны қайтарып, қарым-қатынасты біржола тоқтатқысы келген.

– Мен Нұрайға қоштасу үшін бардым. Оны өлтіру туралы ешқандай ниетім болған жоқ, – деді сотталушы.

Аймахан пышақтың өзінде қалай пайда болғаны туралы өз нұсқасын тағы қайталады. Оның айтуынша, кездесуге аз уақыт қалғанда көліктен пышақты тауып алып, оған мән берместен қалтасына салып қойған.

Ол одан кейінгі оқиғалардың көп бөлігін есіне түсіре алмайтынын айтты. Сотталушы жанжалдан кейін болған жайттардың тек жекелеген сәттерін ғана есінде сақтағанын, кейін басқа жерде есін жиғанын жеткізді.

Ол сондай-ақ тергеу барысында анықталған соққы санына күмән келтіріп, шабуылдың бейнежазбада қысқа уақытқа созылғанына тоқталды.

– Бейнежазбада жарақат салу сәтінің өзі, меніңше, шамамен 9-10 секундқа созылады. Ал 35 жарақат салынғаны айтылып отыр. Менің ойымша, бұған да назар аудару қажет, – деді Аймахан.

Бұған дейін сот-медициналық сараптама Нұрай Серікбайдың денесінде 35 пышақ жарақаты болғанын анықтаған. Алдыңғы сот отырысында сарапшы Жанболат Пернебеков олардың орналасуын анатомиялық манекен арқылы көрсеткен.

Соңғы сөзінде Аймахан сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына да тағы да қарсылық білдірді.

Ол қысқа уақыт ішінде 35 рет пышақ жарақатын салуды «физикалық тұрғыдан мүмкін емес» деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол қылмыстан бірнеше ай өткен соң жүргізілген психологиялық-психиатриялық зерттеу оқиға кезіндегі психикалық жағдайын нақты бағалауға мүмкіндік бермейді деп санайтынын айтты.

Бұған дейін сот-психиатры сотталушыда анықталған психикалық бұзылыс оның өз әрекетінің мәні мен қоғамдық қауіптілігін түсіну, сондай-ақ оны басқару қабілетіне әсер етпегенін айтқан. Ал сот психологы физиологиялық аффектіні растайтын белгілер анықталмағанын мәлімдеген.

Аймахан бұл қорытындылармен келіспейтінін айтты. Сөзінің соңында ол тағы да марқұмның отбасына үн қатты.

– Болған жағдайға шын жүрегіммен өкінемін. Нұрайдың әкесі, анасы және екі ағасынан кешірім сұраймын. Ең алдымен Нұрайдың өзінен, ол қазір арамызда болмаса да, кешірім сұраймын. Мен оны қатты жақсы көрдім және шын жүрегіммен өкінемін , – деді сотталушы.

Соңғы сөзден кейін сот төрағасы Саммидин Теміралиев іс бойынша үкім бейсенбі күні, яғни 13 тамызда жарияланатынын мәлімдеді.

Еске салайық, 11 тамызда Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты алтыншы сот отырысы аяқталған болатын. Сол күні сот сот-психиатры мен психологты онлайн режимде жауапқа тартты, қорғау тарапының өтініштерін қарады және тараптардың жарыссөзін аяқтады.

Мемлекеттік айыптаушы Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Дәл осындай жаза тағайындауды жәбірленуші тараптың өкілдері мен Нұрайдың әкесі де талап етті. Қорғау тарапы тағылған айыптың бір бөлігімен келіспей, сотталушы мен марқұмның арасындағы қарым-қатынасқа қатысты өз нұсқасын ұсынды.

21 жастағы Нұрай Серікбай 2026 жылдың 11 қаңтарында қаза тапқан. Бұған дейін сотталушы Шерхан Аймахан қызды некеге тұруға мәжбүрлеп, алып қашқан. Нұрайдың қарсылығынан кейін оны қудалауын жалғастырған. Тергеу нұсқасы бойынша қайғылы оқиға болған күні ол Нұрайға 35 рет пышақ жарақатын салған.

Одан кейін аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген Аймахан оқиға орнынан бой тасалап, екі күннен кейін ұсталды.

Аймаханға некеге тұруға мәжбүрлеу, сталкинг және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылған.

Тергеу барысында күдікті сот-психиатриялық сараптамаға жіберілген. Сараптама оны ақыл-есі дұрыс деп таныған.