Президент Дүниежүзілік климат саммитінде ұсынылған Қазақстан павильонына барды

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінде ұсынылған Қазақстанның экспозициясымен танысты, деп хабарлайды Ақорда.

Фото: Ақорда

Көрме еліміздің мәдениетін, инновациялық және экологиялық жобаларын паш етеді. Кеңістік табиғи материалдарды пайдалана отырып этностильде безендірілген. Осылайша ұйымдастырушылар халқымыздың дәстүрді берік сақтайтынын әрі экологиялық ұстанымды қолдайтынын көрсеткен.

Фото: Ақорда

Президентке жасыл сутегін өндіретін Hyrasia One болашақ зауытының макеті таныстырылды.

Фото: Ақорда

Бұдан кейін Мемлекет басшысына Гүлфия Мелдештің сайғақ мүсіндері және отандық экологиялық өнімдер көрсетілді.

Фото: Ақорда

Павильонға келушілер Қазақстанның биоалуантүрлілігі, сондай-ақ сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі төніп тұрған Тұран жолбарысы, Пржевальский жылқысы, киік және қар барысы секілді түз тағыларын қайта көбейту мақсатында елімізде қабылданған шаралар жөнінде мағлұмат алады.

Фото: Ақорда

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Бакудегі олимпиадалық стадионға барды. Сосын Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі. Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 cаммитінде бірқатар елдің басшыларымен әңгімелесті.

Бүгін мемлекет басшысы «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы Ахмед ат-Тайебпен әңгімелесті.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы (СOP29) аясында Грекия Премьер-министрі Кириакос Мицотакиспен кездесу өткізді.

Дүниежүзілік климат саммиті аясында Қазақстан мен Солтүстік Македония қарым-қатынасты дамыту жөнінде уағдаласты.