Марқұмның денесіне жасалған сараптама Нүкенованың өлімі оң жақ фронтемпоральды париетальды оксипитальды аймақта жедел субдуральды гематомамен бірге жүретін жабық ми жарақаты салдарынан болғанын көрсетті.
«Алынған жарақаттар орталық жүйке жүйесінің жұмысының бұзылуына, кейін тоқтауына, жүрек қызметі мен тыныс алудың тоқтауына әкелді. Бұл – өлімге тікелей себеп болды», - деді жәбірленуші тараптың адвокаты Ж. Оразбақова.
Қуандық Бишімбаев болса ол соққылар Салтанат Нүкенова унитаз бен еденге құлаған кезде пайда болғанын алға тартып отыр.
Айта кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесінде тараптар әзірге сараптама қорытындыларын жариялауда.
Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.
1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.
27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. 29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді куәгер ретінде жауап беріп, Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы алғашқы ұрыс-керістер қалай басталғаны туралы мәліметтер айтты және марқұмның бет-әлпеті көгерген сурет көрсетті.
1 сәуірдегі сот отырысында айыпталушы Қуандық Бишімбаев марқұм С. Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.
Сондай-ақ сот экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіндегі тараптарға әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салды.