Түркияда атом электр станциясына қатысты референдум басталды

Фото: Фото: Ақжігіт Шүкібаев/Kazinform

АНКАРА. KAZINFORM – Қазақстанда атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдум басталды. Бұл мәселе бойынша дауыс беру елден тыс жерлерде де өтуде. Түркия Республикасында ұйымдастырылған үш учаскеде қазақстандықтардың белсенділігі жоғары, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерінде жұмыс істейтін №418, 387 және 428 сайлау учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де (Астана уақытымен сағат 9:00) басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. 

Фото: Ақжігіт Шүкібаев/Kazinform

Түркияда демалыс күніне қарамастан таңертеңнен бері сайлаушылардың белсенділігі байқалды. Туған жерінен жырақта азаматтық ұстанымын танытқандардың дені – студенттер мен осында тұратын қазақстандықтар.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің мәліметінше, Анкарадағы №418 сайлау учаскесінде 1000-нан астам, ал Ыстанбұл мен Анталияда 2000-ға жуық сайлаушы дауыс береді деп күтіледі.  

Фото: Ақжігіт Шүкібаев/Kazinform

Сайлаушылар белсенділік танытып отыр. Мұнда азаматтық борышын өтеу үшін қала тұрғындары ғана емес, Анкара консулдық округінің 20 провинциясында тұрып, білім алып жатқан жастарымыз да келіп жатыр.  

Кейбір студенттердің өтінішімен елшілік қызметкерлері арнайы көлік ұйымдастырып, жастарымызды Түркия астанасына жеткізді. Бұл ретте оларға республикалық референдумға орай бұқаралық спорттық бағдарлама ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм-тұз ұсынылды. Белгілі болғандай, көптеген студенттер бауырсақ, қазы, палау, көже, жалпы ұлттық дәмді сағынып қалған. 

Фото: Ақжігіт Шүкібаев/Kazinform

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі жанындағы учаскелік комиссияның төрағасы Асқар Төлепбергенидің айтуынша, референдумға халық таңнан бері өз таңдауын жасауға келіп жатыр.  

«Біз жұмысты таңғы сағат 7:00-де бастадық, сайлаушылар легі бірден байқалды. Қазіргі кезде студенттер белсенділігі өте жоғары. Туған жерінен жырақта жүрген қазақстандық жастардың сайлау учаскелеріне бар ынтасымен келіп, өз таңдауын жасап жатқанына қуаныштымын. Барлығы әдеттегідей өтіп жатыр. Тәртіп бұзу жоқ. Барлығының көңіл-күйі көтеріңкі», – деді А.Төлепбергени.

Сонымен қатар, сайлау комиссияларының мүшелері Түркияда ашылған үш сайлау учаскесінде де сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалғанын және бұған дейін осындай іс-шараларды өткізу тәжірибесі бар Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің тәжірибелі қызметкерлері тартылғанын атап өтті. 

Түркиядағы түрлі халықаралық ұйымдар өкілдерінің арасынан тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, сайлау заңнамасы мен дауыс беру тәртібін бұзу фактілері тіркелмеген. Жұмыс белгіленген стандарттар аясында жүріп жатыр.

Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді. 

Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады: Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе? Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин АЭС салуға қатысы референдумда елордадағы №164 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №61 учаскеге келіп дауыс берді.

Осыған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайымен бірге дауыс беру орнына келгені туралы жазған едік.

Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды.

Сондай-ақ, Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Шанхай және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдықтарында Атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдумға дауыс беру пункттері ашылды.

Өзбекстан астанасында орналасқан Қазақстан елшілігінің жанындағы референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де өз жұмысын бастады.

1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.