Ақтөбе қалалық №2 сотында облыс орталығындағы газ құю бекетінің иесіне қатысты сот отырысы басталды. Оған Қылмыстық кодекстің 281-бабы 3-бөлігімен айып тағылды. Биыл 19-маусым күні көлік өртеніп, оның ішінде болған екі кішкентай қыз бен оның анасы тірілей жанып кетті.
Содан соң Қылмыстық іс қозғалып, иесі қамауға алынды.
Басты сот талқылауында полиция оқиғаның қалай болғанын және сараптама қорытындыларын жариялады.
Іс материалына сүйенсек, автогаз құю бекетінде жұмыс істейтін оператор денсаулығы сыр бергенін айтып, күні бұрын ескертеді. Автогаз құю бекетінің иесі кезекшілікте жүрген өзге операторды шақырып, уақытша жұмысшы табуды сұрайды. Өтініштен соң ол әлеуметтік желідегі «Ақтөбе жұмыс орталығы» чатына хабарландыру береді. Оны көрген 20 жастағы жігіт хабарласып, бір тәулікке оператор болуға келіседі. Бұл жұмысты өзі емес, інісіне тапсырады. Қызмет ақысына 15 мың теңге есептеледі.
- Автогаз бекетінің иесі олардың даярлықтан өткенін растайтын құжаттарының бар-жоғын тексермей, өрт және жарылыс қауіпсіздігі талаптары бойынша тиісті нұсқама да өткізбей, арнайы киіммен және қажетті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етпей оператор ретінде жұмысқа жіберген. 19-шілде күні сағат 22:50 шамасында газ құю стансасының №4 газ құю колонкасына 54 жастағы ер адам көлігімен келіп тоқтайды. Ішінде 46 жастағы інісі, оның 44 жастағы әйелі және 10 және 6 жастағы қыздары болады. Олар автокөліктің жүксалғышындағы тұрмыстық газ баллонын көрсетіп, сұйытылған мұнай газын толтыруды сұраған. Автогаз құю стансаларында тұрмыстық газ баллонды толтыруға заңмен тыйым салынғанына қарамастан арнайы өтпелі тетікті алып, толтыруға кірісті. Нәтижесінде тұрмыстық газ баллонын толтыру кезінде газ-ауа қоспасаның тұтануынан өрт және жарылыс болды. Көлік өртенді. Көлік құны - 2 000 900 теңге. Көлік ішінде болған үш адам қаза болды,- деді прокурор Сәкен Бертілеуов.
Сараптама қорытындысына сәйкес, өрт өтпелі тетіктен газ құю пистолетін шешіп алу кезінде пайда болған механикалық ұшқыннан тұтанған. Үш адам тірілей жанып кетсе, рульде отырған жүргізушінің денесін 40-45 пайызға күйік шалды. Оның тыныс алу жолдары да зақымданып, әлі күнге дейін ем алып жүр.
Жәбірленуші сол күні отбасымен бірге Сазды ауылынан қалаға азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға келген. Орта жолда кондитерлік дүкенге соқпақ болып, газ құю бекетіне де аялдайды. Оператор тұрмыстық газ баллонын толтыру қызметі 3 500 теңге екенін айтып, келісім берген. Сол арада жәбірленуші далаға шығып, қарап тұрады. Ал әйелі мен екі қызы дәретханаға барып, қайта көлікке отырады. Арада бірер минут өткенде 30 литрлік баллонға 37 литр газ құйылып, дабыл қағады. Газ толтыру қызметі автоматты түрде ажырайды деп күткенімен электронды көрсеткіштегі сан 42-ге жетіп, кассаға қарай жүгіреді.
- Қас-қағым сәтте өрт шықты. Ағам «іште адам бар» деп айтты. Не істерімді білмей қалдым. Өрт сөндіру баллонын қолыма ұстағанда шланг жоқ, іші де бос тұр. Сол жерде айқайладым. Әрі қарай есімді білмеймін,- деді сотта жәбірленуші.
Айта кетейік, жәбірленуші мен оның марқұм әйелі бес бала тәрбиелеген. Екі қызынан бөлек, үш ұлы бар. Сот отырысында сотталушының қорғаушылары жәбірленушілермен арада медиациялық келісім жүргенін айтты. Жәбірленушілер де кешірім берді. Сот отырысы жалғасып жатыр.
Ақтөбеде газ құю бекеттерінде бұдан өзге де жарылыс болды. Жойқын жарылысты жақын тұрған үй тұрғындары сезінгенімен, ешкім зардап шекпеді.