АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Түркияның Измир қаласында өткен ITF Juniors J100 турнирінің жеңімпазы атанды.
Қазақстандық теннисші финалда Түркияның жасөспірімдер арасында бірінші, осы жарыстың 1-ракеткасы Мелих Анаватанды тартысты матчта 3:6, 7:5, 6:2 есебімен ұтты.
Заңғар Нұрланұлы финалға барар жолда Түркияның тағы екі өкілінен айласын асырды.
«Финалдық бәсеке өте тартысты болды. Бірінші сетте есе жібергеннен кейін екінші партияда жоғары ойын деңгейін көрсете алдым. Қорытындысында жеңіске жетіп, жекелей сында 2024 жылдағы алғашқы титулыма қол жеткізгеніме қуаныштымын», - деді Заңғар Нұрланұлы.
Бұл – З.Нұрланұлының жекелей сында ITF Juniors жарыстарындағы үшінші табысы. Өткен жылы ол Армения мен Словакияда дәл осындай додаларда үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Тунистегі турнирдің жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).