Кеншілер опат болған Костенко шахтасы жайлы не білеміз

Бүгін таңда Қарағанды облысынан тағы суыт хабар жетті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Көмір департаментіне қарасты кеніште, нақтырақ айтқанда Костенко атындағы шахтада өрт болды. Дәл сол кезде кеніште 252 адам кен қазып жатқан. Олардың 205-і жер бетіне шығарылып, 18-і медициналық көмекке жүгінді. Қазіргі сәттегі жағдай бойынша, 21 шахтердің мүрдесі табылса, 26 кеншіні іздеу жұмысы жалғасып жатыр.

 шахта өрт
Фото: freepik.com

Интернеттегі мәліметтерге сәйкес, Қарағандыдағы көмір қазатын кәсіпорын И.А. Костенко атындағы шахта Қарағанды қаласының шегінде Майқұдық және Жаңа қала аудандары арасында орналасқан. Шахта тарихы 1934 жылдан бастау алады. Сол жылы шахтаның «Гигант-А» және «Гигант-Б» ұңғымалары салына бастады. 1934 жылдың 13 тамызында жарты айдан астам бұрын ғана әуе апатынан мерт болған «Қарағандыкөмір» тресінің басқарушысы, Қарағанды көмір бассейнінің негізін қалаушылардың бірі Иван Костенконың есімі берілген болатын. Шахтаның ұзындығы - 5 400-9 500 метр, ал тереңдігі - 1 550-4 750 метр.

1942 жылдың 8 мамырында толықтай салынып бітпеген шахта пайдалауға берілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ол кен өндірудің уақытша сызбасымен жұмыс істеп тұрды. 1952 жылдың 26 мамырында шахтаның жылдық жобалық қуаты 750 мың тонна көмірді құрайтын бірінші кезеңі, ал 10 жылдан кейін жылдық қуаты тағы да 750 мың тоннаны құрайтын екінші кезеңі іске қосылды.

1968 жылдың 1 қаңтарында Костенко атындағы шахтаның құрамына №86/87 шахта қосылып, жаңғыртылды. Нәтижесінде шахтаның өндірістік қуаты 3 млн 200 мың тоннаға дейін артты. Ал 1984 жылы шахта тарихында алғаш рет 3 млн 942 мың тонна көмір өндіріліп, рекорд орнатылды. Араға 50 жыл салып, 1992 жылдың 7 мамырында шахта ұжымы кеніш тарихындағы 100 млн тонна көмір өндіру межесіне жетті. 1996 жылы шахта «АрселлорМиталл Теміртау» АҚ Көмір департаментінің құрамына кірген.

Интернетке бұл шахтаға қатысты іліп аларлық мәлімет жоқтың қасы. «АрселлорМиттал Теміртау» құрамына қосылғаннан бері 16,5 млн тонна көмір алғаны, 2020 жылы кеншілердің 1 млн тонна көмір қазып, рекорд орнатқаны, 47 шақырымнан астам тау-кен өндіргені жайлы там-тұмдаған ақпарат кездеседі.

Тау-кен тармағының аумағы 1 370 гектарды құрайды. Кен қазу жұмыстары 840 мың метрлік тереңдікте, ашылған 8 тік ұңғымаларда 5 жұмыс қабатында жүргізіледі. Шахта тосыннан көмір және газ шығарындыларының болуына байланысты өте қауіпті саналады. Барлық көмір қабаты көмір шаңының жарылу қаупіне байланыс қатерлі. Қауіп-қатердің алдын алу үшін шахтада желдету тәсілі қолданылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі

Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.

Шахтадағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды

Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы ауруханаларға 18 адам жеткізілді. Бір адам реанимацияда жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.

Оның құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.
Сондай-ақ, Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екендігін хабарлады.

15:00-дегі жағдай бойынша, 28 адамның денесі табылды, 18 кеншіні іздеу жалғасып жатыр.

16:00-дегі жағдай бойынша, 32 адамның денесі табылды, 14 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар