Аида Балаева: Ажырасу — ұят емес

Аида Балаева
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Бишімбаев ісіне» орай пікір білдірді.

«Время» газетінің тілшісі министрден: «Аида Ғалымқызы, сіз Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат ұлттық комиссиясының төрағасысыз. «Бишімбаев ісін» қадағалап отырсыз ба? Өйткені, қоғам әділетсіз үкім шығу мүмкіндігіне алаңдаулы. Осыған орай қандай пікір білдірер едіңіз?» — деп сұрайды. Осы орайда, министр ұлттық комиссияның төрағасы ретінде өзі де, комиссия мүшелері де аталған сот талқылауын жіті қадағалап отырғандықтарын айтады. 

«Сот ашық форматта өтіп жатыр. Бұл — тараптардың талабы. Мыңдаған адам отырысты тікелей эфирден көріп отыр, қоғам, қоғамдағы пікір көшбасшылары, журналистер процесті жан-жақты жазып жатыр. Сот әділ үкім шығаратындығына сенімдімін. Мемлекет басшысы айтқан Заң мен Тәртіп үстемдігі қамтамасыз етіледі. Әйел ретінде, ана ретінде Салтанаттың жақындарының, оның анасының қайғысына ортақпын. Оны соққыға жыққан сәті бейнеленген бейне кадрларды көру де өте ауыр. Әрине, ол қазақстандықтар үшін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың символына айналып үлгерді және де ашық сот, оның транспаранттілігі әлеуетті қылмыскерлерді ұстауға септігін тигізіп, көптеген өмірді сақтап қалады де үміттенемін», — деді Аида Балаева. 

Осы ретте ол барлық қыз-келіншекке, әйелдерге үндеу жасады.

«Бір рет қол көтерген адам өзгереді деп елес жетегінде жүрудің қажеті жоқ. Өзгермейді! Егер ол әйелді ұруға, оны қорлауға бейім болса, демек ол өнеге қағидатынан, адамдықтың арылған. Шыдаудың, сен оны, ол сені сүйеді, балалар үшін төзу қажет деп, өзіңді де, оны да алдаудың керегі жоқ. Ажырасу - ұят емес. Ұрып-соғу тек жиілеп, күшейе түсетіндігіне сеніңіз. Жазасыздық барлық уақытта да шектен шығуға алып келеді. Адамның адамгершілігін қорлауға, қол жұмсауға ешкімнің де құқығы жоқ. Тағы да қайталап айтамын, сот әділ шешім шығаратындығына нық сенімдімін», — деді министр.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Мұнан соң Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Өткен жылы 15 қарашада өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Қ. Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Биыл 11 қаңтарда елорда соты Қуандық Бишімбаевты күзетпен ұстау мерзімін 2 айға ұзартқан еді, 26 ақпанда Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа түсті.

1 наурызда Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау күні белгіленді. 11 наурыз күні Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдау 12 наурызда жалғасты.

Соңғы жаңалықтар