Ақтау тұрғындарына берілетін ауыз су көлемі артады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елордадағы есеп беру брифингінде Ақтау тұрғындарын ауыз сумен қамту және су берудегі іркілістер қашан тоқтайтыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Әкімнің айтуынша, бұл үшін «Каспий» тұщыландыру зауытын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) ішкі резервтерінен су беруді ұлғайту жоспарланған.
«Қазіргі уақытта күн сайын 50 мың текше метр су беріледі. Біз оны тағы 30 мың текше метрге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл – ішкі резерв. Ол үшін дистиляциялық тұщыландыру қондырғыларын жөндеу, қажетті тазалау шараларын жүргізу қажет. Осының арқасында қосымша көлем алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар кәсіпкерлердің өз қалауымен жобалар жүзеге асып келеді. Бір кәсіпкер Ақтауға тәулігіне 6 мың текше метр таза су береді. Сайын, Шапағат, Ақшұқыр ауылдарын сумен қамтамасыз ететін тағы бір кәсіпкер бар. Бұрын су Ақтау есебінен «Каспий» тұщыландыру зауыты мен МАЭК резервтерінен берілетін. Бұрын осы ауылдарға берілген су көлемін енді Ақтауға жібереміз. Сондай-ақ Мұнайлы ауданының Баянды кенттерінде су беруді жолға қоямыз. Бұрын ол жерге де «Каспий» тұщыландыру зауытынан су берілетін. Аудандардан артылған көлемді Ақтауға жібереміз», - деді Н.Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге тілшілер Ақтаудағы су беру іркілістері қашан тоқтайтынын сұрады.
«Біздің есептеуіміз бойынша келесі жылы мәселенің біраз бөлігін шешеміз», - деді Нұрлан Ноғаев.
Бұған дейін өңір басшысы Маңғыстауда сумен жабдықтау жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылатынын хабарлаған еді.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында тәжірибе түрінде 2 мың түп зәйтүн ағашы егілді. Оң нәтиже байқалса, кәсіпкерлер 10 мың гектарға дейін зәйтүн егіп, оның майын кәсіп етуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында ауа райы жаңбырлы болып, жеткілікті көлемде шөп жиналды. Өңір шаруалары 98% жем-шөппен қамтылған.