Ақтөбе әкімдігі қоқыс сұрыптау желісінің құрылыс мерзімін атай алмады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жобалық-сметалық құжат дайындау үшін 140 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Сұрыптау желісі бар полигон салу жұмысы қай кезде басталары белгісіз. Kazinform сауалына Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жауап берді.
Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы сауалға жауап беру үшін Ақтөбе қаласы әкімдігінің ақпаратына сүйенген. Қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау желісі бар полигон салу үшін жобалау және зерттеу жұмыстары әзірленген. Жоба бойынша сұрыптау желісі бар жаңа полигон салу жұмысы 56 гектар жердің 30 гектарын қамтиды.
— Жобалық-сметалық құжаттаманың құны 136,6 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда «Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау желісі бар полигон салу» жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалаушы мекеме — «Крез-Сервис» ЖШС. Ақтөбе қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу мәселесін шешу мақсатында әкімдік жол картасын дайындады. Жол картасына сәйкес жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтеді. Одан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асады. Іске қосу кезінде аумағы 10 гектар болатын сұрыптау желісі орнатылады. 20 гектар жерге 20 қатты тұрмыстық қалдықтар картасы орналастырылады. Инженерлік желі тартылып, ірі көлемдегі бетондарды майдалағыш орнатылады, — деп хабарлады Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы.
Алайда басқарма Kazinform-нің қоқыс өңдеу зауытын салу, оның жобалық қуаты, қаржыландыру көзі туралы сауалына нақты жауап қатпады. Сонымен бірге Ақтөбе облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту үшін соңғы үш жылда қандай инвестициялық жобалар ұсынылғаны белгісіз.
Еске салсақ, былтыр қараша айында Ақтөбеде елді мекендердің бес пайызында ғана заңдастырылған қоқыс полигоны бар екенін хабарлаған едік. Жергілікті әкімдік полигон құрылысы қымбатқа түсетінін айтты. Аудан орталықтарының жобасына 600-700 млн теңге қажет.