Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтөбе қаласында жер кезегіне тұрған адам саны 180 мыңға жуықтап қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыс орталығында жер учаскелерін бөлу 2022 жылдан бастап уақытша тоқтатылды. Себебі инфрақұрылымы тартылған бос жер телімі қалмады.

жер
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Ақтөбе қаласында үй салуға бөлінетін 10 сотық жерге сұраныс жоғары. Қазіргі кезде 177 917 адам кезекте тұр. Алайда су, жарық, газ желісі тартылып, жолы салынған жер жоқ. Сондықтан да 2022 жылдан бері жер беру уақытша тоқтатылды.

— Негізгі себеп — инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос жер телімінің жеткіліксіздігі. Қазіргі таңда әкімдік жаңа тұрғын алаптарды қалыптастыру және оларды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, бос жер учаскелері анықталып, олар бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленуде. Бұдан кейін су, электр желілері және жол инфрақұрылымын тарту көзделген. Аталған жұмыстар 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасы.

Тұжырымдаға сәйкес 2026-2028 жылдар аралығында тұрғын алаптардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қаржы қарастырылды. Бұрын бөлінген жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету және жаңа тұрғын алаптарды жер учаскелерін беруге дайындау жоспарланған. Енді жер телімі дайын болғаннан кейін ғана беріледі.

Еске салсақ, былтыр Ақтөбе қаласында 167 мыңға жуық адам жер телімі кезегінде тұрғаны белгілі. Бір жыл ішінде тағы 10 мың адам өтініш берген.