Ақтөбе облысы жылыту маусымына 98% дайын

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбедегі коммуналдық кәсіпорындар жылыту маусымына дайындығын аяқтап қалды. Қазіргі кезде бюджеттік мекемелердің барлығына қажетті қатты және сұйық отын жеткізілді. 

Ақтөбе облысы жылыту маусымына 98% дайын
Фото: freepik

Ақтөбе облысының жылыту маусымына дайындығы 98%-ды құрайды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Нұрберген Бекеев мәлімдеді. Оның айтуынша, облыстағы бюджеттік мекемелерге отын қоры толығымен жеткізілді. 

– 26 739 тонна көмір, 1 622 тонна дизель отыны толығымен тасымалданды. Коммуналдық кәсіпорындарға келер болсақ, Ақтөбе жылу электр орталығы әзірлік паспортын алды. 9 қазандық және 3 турбоагрегатта жөндеу жасалды. Қазір тағы 4 қазандық пен 1 турбоагрегатта жөндеу жүріп жатыр. Жөндеу жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталады. Ал, «Aqtobe su-energy group» АҚ биыл 27 қазандыққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 8,2 км болатын жылу желілерін жаңартты. Кәсіпорын әзірлік паспортын алды, қалаға жылу беруге дайын, - деді Нұрберген Бекеев. 

Сонымен бірге «Энергосистема» ЖШС-і 296 км электр желісін, 17 шағын қосалқы станса, 91 күштік трансформаторға жөндеу жүргізген. 

Еске салсақ, Ақтөбе облысы тұрғындарына 21 500 тонна көмір қажет. Оның 9 000-ы тасымалданды. Теміржол тұйығында тағы 3 мың тоннасы бар. Әр тоннасы 23 мың теңгеге саудаланып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар