Ақтөбеде әлі де 7 мектеп пешпен жылытылып отыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бұл мектептер үш ауданда орналасқан. Әзірге тек Алға ауданы Талдысай ауылына мектеп салуға шешім қабылданды.
Ақтөбенің Шалқар, Мұғалжар және Алға аудандарында 7 мектеп от жағып отыр. Бұл мектептердің жылыту пеші ғимарат ішінде орналасқан.
Алға ауданы Талдысай ауылындағы тұрғындар екі қабатты, бірақ ескі мектеп мәселесін шешіп беруді сұрады. Бұл ауылда газ болғанымен, мектепті жылыту үшін көмір пайдаланып отыр. Әрі жылыту қазандығы мектеп ішінде орналасқан.
- Талдысай негізгі мектебінің сыйымдылығы – 80 орындық. Мектеп 1975 жылы шлакбетоннан салынған. 2025–2026 оқу жылдарында мұнда 39 бала білім алып жатыр. 2022 жылы техникалық тексеруден өтіп, ғимарат апатты жағдайдың алдында деп танылды. Сондықтан күрделі жөндеуге негізсіз деп танылды. Ауылға 60 орындық мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалды. Құжатты әзірлеуге облыстық бюджеттен 5,5 млн теңге бөлінді. Мемлекеттік сараптамадан 2025 жылдың желтоқсан айында өтті. Жобаның жалпы құны - 1,8 млрд теңге,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасы.
Ақтөбе облыстық сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Айта кетейік, Ақтөбеде жарты ғасыр бұрын салынған мектеп саны — 80. Оның ішінде бесеуі ағаштан, екеуі қамыстан салынған.