Ақтөбеде бүтін бір ауыл тұрғындары газ беріледі деп жылусыз қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Мұғалжар ауданы Қожасай ауылына газ құбыры тартылып, биыл қосылуы тиіс еді. Алайда үйдегі пешін бұзып, көгілдір отынға қосылуға дайындалған тұрғындар күздің суығында тоңып отыр.
Мұғалжар ауданы Қожасай ауылының тұрғындары қарашаның суығында тоңып отырғанын айтып, көмек сұрады.
— Ауылымызға газ құбыры тартылып, техникалық жұмыстардың аяқталғанына қарамастан әлі күнге дейін іске қосылмады. Ауыл тұрғындары үшін қыс қиын өтеді. Отын мен көмір бағасы қарт адамдар мен көпбалалы отбасыларға ауыр салмақ түсіреді. Газ жүйесі тартылып, наурыз айында қосылады деген. Бірақ қараша айы болды, әлі шешімін таппады. Бізге нақты қай уақытта қосылатыны туралы ақпарат керек, — деп айтты тұрғындар.
Қожасай ауылында 50 үйде 200-ден астам адам тұрады. Газ беру желтоқсан айына жоспарланған.
— «QazaqGaz Aimaq» АҚ облыстық филиалының қолданыстағы инвестициялық бағдарламасы аясында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Қожасай ауылын газдандыру жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, автоматтандырылған газ тарату станциясын іске қосуға дайындық және реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 1 желтоқсанда жұмыстарды толық аяқтап, газ беру жоспарланып отыр, — деп хабарлады Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.
Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовтің айтуынша, жоба құны — 1,8 млрд теңге.
— Инженерлік-техникалық құжаты жасалып жатыр. Құжатын тапсырып, қосады. Газ құбыры сынақтан өтті. «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның аудандық филиалы үйлердің құжаттарын реттеп, әзірлеп қойды. Тек газдың құбырға берілуін күтіп отырмыз. Биыл үйлерге, келер жылы әлеуметтік нысандарға беріледі. Тұрғындарға бұған дейін де пешті бұзуға болмайды деп ескерттік. Тек газ қосылғанда жөндеуге кеңес бердік. Тапсырыс беруші де, оны іске асырушы да — «Интергаз» АҚ. Өзінің инвестициялық жобасы аясында құбыр тартты, — деді Дархан Ермағамбетов.
Айта кетейік, Ақтөбеден Қостанайға жаңа газ магистралы тартылуы мүмкін. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу жобасы қандай сатыда екенін айтты.