Ақтөбеде мұнайшылар компания ішіндегі ауыс-түйіске қарсылық білдірді

АҚТӨБЕ. KAZINFORМ – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Кеңқияқ ауылындағы жұмысшылары компания ішіндегі ауысымды қаламайды. Олар бірте-бірте жұмыс орны жабылып қалады деп қорықса, жұмыс беруші кәсібилікті арттыруға септігін тигізетінін хабарлады.

мұнай-газ-химия өнімдері
Фото: gov.kz

«СНПС-Ақтбемұнайгаз» АҚ-ның «Кеңқияқмұнай» басқармасының жұмысшылары мен жұмыс беруші арасындағы кездесу осыдан бір айға жуық уақыт бұрын болды. Арада бір ай өткен соң жұмысшыларға жаңа келісімшарт ұсынылды. Келісімшарт бойынша жұмысшылар компания ішіндегі бір басқармадан екінші басқармаға ауысуы тиіс. Бұл өндіріс орнын электрмен қамтуға жауапты энергетиктерге қатысты шешім болған. 

- Менің бұл компанияда жұмыс істеп жүргеніме 11 жыл болды. Бізге «Кеңқияқмұнай» басқармасыннан «Ақтөбеэнергомұнай» басқармасына ауысу керек деді. Біз бұған қарсымыз. Егер біз ауысып кетсек, осы «Кеңқияқмұнай» басқармасы жабылып қала ма деп қорқамыз. Бізден кейін осы басқармадағы өзге де цехтарды ауыстырады, сөйтіп жабылады деп ойлаймыз. Кеңсеміздің де қайда болатынын білмейміз. Жұмыс 15 күндік,- деді компания жұмысшысы Естай Тәңірбергенов. 

«СНПС-Ақтбемұнайгаз» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл адамдар бүгінге дейін «Кеңқияқмұнай» басқармасының қызметкерлері болса, қазір «Ақтөбеэнергомұнай» басқармасында жұмыс істейді. Цехтың негізгі міндеті – өндіріс орнын еш кедергісіз электрмен қамту. 

- Бұл қызмет аса жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан сала мамандарының бәрін «Ақтөбеэнергомұнай» басқармасына тоғыстыру туралы шешім қабылданды. Ал «Кеңқияқмұнай» басқармасы мұнай және газ өндіру ісімен айналысады. ҚР Еңбек кодексіне сай барлығы 43 жұмысшының жұмыс орны сақталды. Еңбекақысы, жұмыс орны өзгеріссіз қалды,- деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі. 

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Әлімовтың айтуынша, инспекция бұл жайдан хабардар. Дегенмен бір компания ішіндегі өзара ауыс-түйіс кезінде әзірге ешқандай да тексеру болмайды. 

Айта кетейік, «СНПС-Ақтбемұнайгаз» АҚ-дағы «Октябрь мұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы және «Кеңқияқ мұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы, Жаңажол мұнай-газ кешені көмірсутегі шикізатын дайындайды. Ал «Ақтөбеэнергомұнай» басқармасы бу және электр энергиясын өндіріп, таратумен айналысады.

Еске салсақ, былтыр «СНПС-Актөбемұнайгаз» АҚ-ы сұйытылған газ тасымалдаушылардан алдын ала төлем талап еткен. Бұл бұзушылықты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тексеру кезінде анықтады.

Соңғы жаңалықтар